Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






III Бөлім. ҚҰРАН КӘРІМДЕГІ САХАБАЛАР




Имам ибн Хазым өзі секілді көптеген мүжтәһидтің және имамдардың пікірлерін негізге ала отырып: «Сахабалардың барлығы – әһлі-жаннат (жаннатқа кіреді)», – деген. Ал енді сахабалардың арасынан «ашара-мубәшшара» сынды көзі тірісінде жаннатқа баратыны сүйіншіленген сахабалардың болуы олардың жаннатта зор мәртебеге қол жеткізетініне ишарат болса керек. Құран мен сүннетте осы көзқарасты растайтын дәлелдер көп.

Құран кәрімде «Фәтх» сүресінің соңғы аятында сахабаларды былай сипаттайды: مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللّٰهِ «Му-хаммадур-расулуллаһ», яғни Мұхаммед – Аллаһтың елшісі. Аллаһқа иман етуден кейінгі ең ұлы ақиқат – хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ пен адамдар арасында қасиетті елші әрі дәнекер болуы.

وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاءُ عَلَى الْكُفَّارِ «Уәлләзинә мәаһу әшиддау аләл куффари» – онымен бірге болғандар, Пайғамбар-дың қарамағындағылар имансыздыққа және кәпірлерге қарсы өте қатал.

رُحَمَاءُ بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعاً سُجَّداً «Рухамау бәйнәһум тәраһум руккәан сужжәда» – өз араларында аса жұмсақ (өте мейірімді). (Намазбен біте қайнасып кеткендей намазды көп оқитыны соншама) сен оларды рукуғта және сәждеде көресің.

يَبْتَغُونَ فَضْلاً مِنَ اللّٰهِ وَرِضْوَاناً «йәбтағунә фадлан минал-лаһи уә ридуана» – олар Аллаһтан кеңшілік пен разылық тілеумен болады. (Аллаһым! Жаннат бізден өте ұзақ, алайда Сенің кеңшілігіңе салса, аяғымыздың астында, мұрнымыздың ұшында, екі қасымыздың арасында тұрғандай өте жақын. Аллаһым! Сен жүректе иман нұрын жақпасаң, жаннат бізден өте алыс. Алайда Сенің кеңшілігің бар жерде жаннат бізге өте жақын бір нұр іспетті. Аллаһым! Разылығыңды тілейміз. Сенің жарылқауыңмен ғана ісіміз алға басады. Сенің жарылқауың болмаса, адам барлық игіліктен мақұрым қалады», – деп, осынау дұғаларын ілтипатқа айналдырып, ізгіліктің өнегесін көрсетті.



سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِم مِنْ أَثَرِ السُّجُودِ «Симәһум фи ужуһиһим мин әсәрис-сужуд» – Олардың маңдайларынан сәжденің ізі нұр боп, олардың мына өмірден тақуа болып өткендерінен хабар береді. Оларды ешбір сыр-сипатымен тани алмасаңыз да маңдайларындағы сәжде ізінен, жүздеріндегі бақыт пен шаттықтан бірден ажыратасыз. Олардың маңдайы нұр шашып, жарқырап тұрады.



ذَلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ «Заликә мәсәлуһум фит-Тәурат» – міне, Тәурат оларды осылай сипаттайды.

وَمَثَلُهُمْ فِي اْلأِنْجِيلِ «Уә мәсәлуһум фил-Инжил» – Ал Інжілдегі сипаттары оларды былай танытады:

كَزََرْعٍ أَخْرَجَ شَطْأَهُ «Кәзәрин ахражә шатәһу» – Бұл бүршік атып, тас пен топырақты жарып шығып бой көтерген егін сияқты. فَآزَرَهُ«Фә азәраһу» дем арасында өніп-өседі. فَاسْتَغْلَظَ «Фәстағләзә» және артынан (сабағы) жуандай түсті және فَاسْتَوَى عَلَى سُوقِهِ «фәстәуә ала суқиһи» – сабағын тік ұстап (жайқатылды). يُعْجِبُ الزُّرَّاعَ لِيَغِيظَ بِهِمُ الْكُفَّارَ «Иужибуз зурраа ли йәғиза биһимул-куффар» – бұл (мысал) диқандарды таң-тамаша қалдырып, (тез өсіп, күпірге, адасушылыққа қарсы шықты, бүкіл әлеммен есеп айырасатындай дәрежеге жетті) онымен кәпірлердің ызасына тию үшін.

وَعَدَ اللّٰهُ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ مِنْهُمْ مَغْفِرَةً وَأَجْراً عَظِيماً

«Уаадаллаһулләзинә амәну уә амилус салихати минһум мағфиратән уә әжран азимә» – Аллаһ олардың арасынан иман келтіріп, ізгі іс істегендерді жарылқап, оларға зор сыйлық уәде етті.

Аллаһ уәде еткен «сый-сыяпат» қандай болмақ? Құран мұны ашып айтпайды, өйткені Аллаһ сыйдың сипатын сыр қылып ұстайды. Көз көріп, құлақ естімеген тосын сыйлармен құлдарының жанын жадыратып, жарылқайды. Жаннатына кіргізіп, Фирдәуске енгізеді. Бұл – Алаһтың оларға деген айрықша нығметі.

Бір күні баласы шейіт болған бір әйел Аллаһ елшісіне келіп: «Ей, Аллаһтың елшісі! Егер Хариса шейіт болып, жаннатқа кірсе, жыламаймын. Ал егер айтқанымдай болмаса, қияметке дейін шашымды жұлып, зар илеп өтемін», – дейді. Сонда Аллаһ елшісі әлгі әйелге: «Жаннат бір ғана қабаттан тұрмайды. Сенің балаң жаннаттың ең жоғарғы дәрежесі – Фирдәуста», – деп, әлгі әйелді жұбатып қана қоймай, оның жанын жадыратар жауап қатады.

Сөз болған сахаба кейіннен иман еткен, қатардағы жас жігіт еді. Ендеше, өрімдей жас жігіттің өзі жаннаттың ең жоғарғы мәртебесіне ие болса, сүннетті және «Ахметтік ақиқатты» дін-аман жеткізген абыройлы сахабаларды кінәлау, ол ол ма, кейбіреуін жаһаннамдық деп олардың іс-әрекетіне баға беріп, жала жабу нағыз азғындық екенін айта кету қажет!

Құран кәрімнің тағы бір жерінде: «Мұһажир ансарлардан алғаш иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Аллаһ разы. Олар да Аллаһқа разы болды» делінген. Аллаһ олардың әрбіріне: «Ей, жаны жай тапқан нәпсі! Раббыңа Ол сенен, сен Одан разы болған күйде қайт! Енді құлдарымның арасына кір, енді жаннатыма кір!» – дейді. Иә, сахабаларға кейбіреулердің көңілі толмаса да, Аллаһ сахабалардан разы болды. Кейбіреулер жаннатты сахабалардан қызғанса да «Аллаһ оларға астынан өзендер ағатын жаннат бақшаларын тарту етті. Әрі сонда мәңгілік қалатын болады. Міне, осы – нағыз сый әрі олжа!»

Мұһажирлар елін-жерін тастап, бұдан да маңыздысы – пенделік қалауын пида етіп, жат жұртқа һижрет етті. Олар Аллаһқа қарсы келтіретін бүлікке жоламай, мойынсұнушылыққа, пендешіліктен руханиятқа, Меккеден Мәдинаға көш түзеген нағыз ізгілер еді.

Ал, ансар мұһажирларды құшақ жая қарсы алды. Бауырына басып, қамқорлығын аямады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ансарлық Сағыд ибн Рәби мен мұһажир Абдуррахман ибн Ауфты бір-біріне бауыр қылады. Осы оқиғадан кейін Сағыд ибн Рәби мұһажир бауыры Абдуррахман ибн Ауфты үйіне ертіп апарып, екі әйелін көрсетіп: «Бауырым, сен һижрет жасадың. Аллаһ үшін жанкештілік таныттың. Мына екі әйелімнің қайсысын қаласаң, сонымен ажырасайын. «Иддәтін» күтсін, сонан соң онымен үйлен», – дейді. Сонда Ибн Ауф: «Бауырым! Аллаһ саған жарларыңды мүбәрәк қылсын! Сен маған бір арқан беріп, базардың жолын көрсет», – деп, бауырының шын көңілден жасаған ұсынысын қабылдамайды. Сөйтіп, Меккенің белгілі саудагері Абдуррахман ибн Ауф Мәдинаның базарларында жүк тасушы болып жұмыс істейді.

Бауырластықтың теңдессіз үлгісіне қатысты тағы бір мысал бере кетейік. Әбу Һұрайра Дәустан келіп, мұсылман болады. Сүннетті болашақ ұрпаққа жеткізуде көп еңбек еткен осынау сахаба Аллаһ елшісінің жанынан бір елі ажырамаған. Ол күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық-ғибадат қылатын. Көбіне ашқұрсақ жүретін. Кейде аштықтан бұратылып, тұруға дәрмені жетпей талықсып, жерде жантайып жатып қалатын кездері де болатын. Өзі секілді осындай күйге душар болған бір адам жайлы Әбу Һұрайра былай дейді: «Әлгі кісі: Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына келіп: «Уа, Аллаһ елшісі! Қаншама күннен бері нәр татпадым», – деп мұңын шағады.

Оқиғаға куә болған Аллаһ расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүт аналарының бірі деп танылған Уммі Суләймнің екінші күйеуі, жанындай жақсы көретін құрма бақшасын Аллаһ жолында бағыштаған Әбу Талха оны үйіне шақырып, қонақ қылады, дегенмен Әбу Талханың да үйінде жүрек жалғайтын ештеме жоқ еді. Осыны білген Әбу Талха жары Уммі Суләймға: «Балаларды ертерек ұйықтат. Сосын барыңды дастарханға қой. Қонақ келгенде, шамды байқаусызда өшіріп тастаған бол. Қараңғыда кімнің не жеп, не ішкені белгілі бола қоймас. Мен қасында қосыла ішіп-жегендей сыңай танытып отырамын. Қонағымыз алаңсыз тамақтансын», – дейді.

Олар әлгі қонақтарын осылай күтеді. Ол қанша күнгі аштығын басып, жүрек жалғайды. Таң намазында екеуі де Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) артында тұрып, намаз оқиды. Намаздан кейін Аллаһ елшісі артына бұрылып, күлімсіреп: «Бұл түнде не істедіңдер? Сендер туралы мына аят түсті» деп: «Олар өздеріне һижрет етіп келгендерді жақсы көріп, оларға берген нәрселерінде көңілдерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ өздері таршылық көріп отырса да, оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісін сараңдықтан сақтаса, солар нағыз табысқа жеткен-дер!» деген аятты оқиды.

Иә, сахабалар – бүгінгі адамдардың қиялына да кіріп-шықпайтын адамгершіліктің биік шыңына көтерілген тұлғалар. Олардың жүрегі кіршіксіз пәк еді. Жан дүниелерінде ешбір қайшылық орын алмады. Аллаһ тағала олардан разы екенін көзі тірі кездерінде-ақ білдірген. Иә, Аллаһ олардан еш шүбәсіз разы болды.

Олардың жан-дүниесіне терең бойлау үшін Құран аяттарына құлақ түру қажет. Құран кәрімде: «Ей, расулым! Сені Меккеге кіргізбеген сәтте жанын, малын сенің жолыңда беру, барлық асылын сен үшін пида етуге және сен не дейтін болсаң соны орындауға қолдарын қолыңа қойып тұрып, саған серт берген сәттерінде Аллаһ олардан разы болды және олардың жүрегіндегіні де білген еді. Иә, олардың ниетіндегі ыстық ықыласты, шынайылықты және пәктікті білген еді. Олардан разы болып, жүректеріне «сәкинә» (тыныштық), қанағат және ұстамдылық ұялатқан еді. Тіпті күллі әлем өздеріне қарсы шығып, жападан-жалғыз қалса да олар туралыққа тас түйін бекінген қалпынан жазбас еді. Өте жақын болашақта оларға Худайбия секілді даңқы ғасырларды жаңғыртатын жеңісті және сол кезге дейін жабулы келген жолдардың ашылуын, кедергілердің жойылуын нәсіп етті» деген болатын.

Сахабалар Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) берген сөзінен, сертінен және Аллаһпен жасаған уағ-даластықтан әсте айнымады. Кез келген жағдайда уәделеріне адалдықтарын паш етіп отырды. Құран олардың осы қасиетін, адалдық пен уәдеге беріктігін нағыз дастанға айналдырып, былайша мақтайды: «Мүминдер арасында Аллаһқа берген уәделерін жүзеге асырған ерлер бар. Олардың кейбірі жанын құрбан етті. Енді бірі өз сағатын күтуде. Олар әсте серттерінен айнымады».

Сахабалар Аллаһтың разылығы және жаннат үшін малы мен жанын ризашылықпен пида етуге Аллаһпен уағдаластық жасаған еді. Олар осы уәделеріне адалдықтарын ісімен танытты. Майдан алаңында кескіленіп, туралды. Жаудың езгісін көріп, қиналса да еңсесін түсірмеді. Баудай түсіп, көктей солып, қыршын кеткендері де болды. Алайда алған беттерінен қайтпады.

Хамза (р.а) Ұхұд соғысында шейіттік мәртебесіне көтерілді. Әнәс ибн Надр қан майданда өлімге бас тігіп, Аллаһқа жол тартты. Ибн Жахш, Мұсғаб ибн Умәйр және басқа да ондаған сахаба Ұхұдта, Бәдірде ерлік көрсетіп, соңында шейіттіктің шәрбәтін ішті. Уәдесіне беріктік танытқан осынау қаһармандардан басқа да сайыпқыран ерлер бар еді. Олар да Хақпен қауышатын күндерін асыға күтіп, қан майдандарда шейіт болудың оңтайлы сәтін күтетін.

Әбу Ақил де осындай сахабалардың бірі еді. Шейіт болуды Ұхұдта күтті, болмады. Меккенің жеңісінде күтті, болмады. Мутада күтті, ойлағандары жүзеге аспады. Ақыры, Ямәмада іздеген асылына қауышты. Міне, осындай қаһармандар Аллаһқа берген уәделерінен ешқашан айнымады. Алғашында қандай болса, соңына дейін сол күйінен жазбады. Қу тіршілік оларға құрығын бойлата алмады. Пендешілікке бой алдырмай, арын асқақ ұстаған күйі мінсіз ғұмыр кешті. Қараңғылықтың түндігі түріліп, айнала түгел нұрға бөленгенше, ізгілік жаршылары түпкілікті жеңіске жеткенше, қасық қаны қалғанша, ерлік көрсетті.


mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2019 год. (0.009 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал