Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






Тарау. Жалпы ережелер




1-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасы

Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасы азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың қатысуымен:
1) тұрғын үйлерге меншiк құқығының және оларды пайдалану құқығының пайда болуы мен тоқтатылу негiздерiне;
2) тұрғын үйлердi пайдалану құқығының жүзеге асырылуына;
3) тұрғын үйлерге қойылатын талаптарға;
4) тұрғын үй қорларының сақталуы мен жөнделуiнiң қамтамасыз етiлуiне;
5) азаматтардың тұрғын үй саласындағы құқықтарының сақталуын және тұрғын үй қорының пайдаланылуын мемлекеттiк органдардың бақылауына;
6) арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен тұрғын үй қатынастарын реттеу ерекшеліктеріне байланысты қатынастарды реттейді.
2. Қазақстан Республикасында тұрғын үй қатынастары осы Заңмен, Азаматтық кодекс нормаларымен және соларға сәйкес шығарылатын өзге де Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
3. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға, тұрғын үй қорының дамытылуы мен ұлғайтылуына байланысты қатынастар осы Заңда белгiленген талаптарды ескере отырып, тиiстi Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
4. Мейманханаларда, пансионаттарда, интернаттарда, қарттар үйлерiнде және осындай мақсаттағы басқа да үй-жайларда тұру Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
1-1) әскери қызметшілер – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарында әскери қызметте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) дара (бөлек) меншік - тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрамындағы үй-жайға азаматтардың, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің меншігі;
3) жазбаша сауалнама - кондоминиум объектісін басқаруға, күтіп-ұстауға және пайдалануға байланысты шешімдер қабылдау үшін қайтадан жиналыс өткізілгенге дейін жазбаша нысанда жүзеге асырылатын кондоминиум объектісіндегі үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің үштен екісінен астамының пікірін анықтау;
4) жалдауға беруші (жалға беруші) - тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайдың меншік иесі немесе тұрғын үйді жалдауға беруге меншік иесі уәкілеттік берген адам болып табылатын тарап;
5) жалға берілетін үй - жеке және (немесе) заңды тұлғаға меншік құқығымен тиесілі, жалдауға беруге арналған тұрғын үй (тұрғын ғимарат), тұрғын үй-жайлар (пәтерлер);
6) жалдаушы (жалға алушы) - тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға алушы тарап;
7) жатақхана - еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың, оқу кезеңінде студенттер (курсанттар, аспиранттар) мен оқушылардың, сондай-ақ жатақхананың меншік иесімен немесе иесімен еңбек шарты бар басқа да адамдардың тұруы үшін арнайы салынған немесе қайта жабдықталған тұрғын ғимарат;
7-1) жеке арнайы шот – арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін аудару және белгіленген мақсатқа төлемдерді жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банкте ашатын ағымдағы банктік шоты;
8) жеке тұрғын үй қоры - жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және олардың бірлестіктеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын жай;
9) жер учаскесі - тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер аумағы;
10) коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;
10-1) коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;
11) кондоминиум - үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;
12) кондоминиум объектісі - жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігіндегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардан және оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен;
13) кондоминиум объектісі қатысушыларының жиналысы - үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқаруға және күтіп-ұстауға байланысты шешімдерді ұжымдық талқылау және қабылдау үшін алдын ала белгіленген жерде және белгілі бір уақытта бірлесіп қатысуы;
14) кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
15) кондоминиум объектісін күтіп-ұстау - кондоминиум объектісін басқару органымен жасасқан шартқа сәйкес сервистік қызмет субъектісі іске асыратын ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығы;
16) көп балалы отбасы - бірге тұратын (уақытша басқа жақта жүргендерді қосқанда) кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары бар отбасы;
17) қайта жабдықтау - үй-жайдың (үй-жайлардың) тіршілікті қамтамасыз ету және пайдалану үшін қажетті өзінің функционалдық мақсатының өзгеруіне, технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты өзгертілуі;
18) қайта жоспарлау - белгілі бір үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекараларын өзгертумен ұштасқан үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарлануын өзгерту;
19) қосымша жалдаушы - тұрғын жайды қосымша жалдау шартындағы тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін жалдаушыдан (жалға алушыдан) тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға алатын тарап;
20) қызметтік тұрғын үй – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындауы кезеңінде Қазақстан Республикасы азаматтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегі тұрғын үй;
21) қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй – коммуналдық тұрғын үй қорынан мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан осы мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлеріне берілетін тұрғын үй;
21-1) мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қоры – мемлекеттік кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үйлер;
21-2) мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қарауындағы тұрғын үйлер;
22) мемлекеттік тұрғын үй қоры – мемлекетке меншік құқығымен тиесілі және коммуналдық тұрғын үй қорына, мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорына, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорына кіретін тұрғын үйлер;
23) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;
24) ортақ мүлік - дара (бөлек) меншіктегі үй-жайлардан басқа, кондоминиум объектісінің бөліктері (абаттандыру элементтерін және ортақ пайдаланылатын басқа да мүліктерді қоса алғанда, кіреберістер, баспалдақтар, лифтілер, төбелер, шатырлар, подвалдар, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, абоненттік почта жәшіктері, жер учаскесі);
24-1) сервистік қызмет субъектісі - кондоминиум объектісін күтіп-ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
25) алынып тасталды - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26) толық емес отбасы - балаларды (баланы) ата-ананың біреуі, оның ішінде ажырасқан, жесір ата-ана тәрбиелейтін отбасы;
27) тұрғын емес үй-жай - тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) ортақ мүлік болып табылатын бөліктерін қоспағанда, тұрақты тұрудан өзге мақсаттарға пайдаланылатын жеке үй-жай (дүкен, кафе, шеберхана, кеңсе және сол сияқтылар);
28) тұрғын жай - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);
29) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) - жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін ақысын төлетіп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беру;
30) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) шарты - оған сәйкес жалдауға беруші (жалға беруші) жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды не оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын беретін шарт;
31) тұрғын жайды жекешелендіру - азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қоры үйлеріндегі өздері тұратын үй-жайларды меншігіне сатып алуы, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
32) тұрғын жайды қосымша жалдау шарты - тараптардың шарты, оған сәйкес жалдаушы қосымша жалдаушыға тұрғын жайды не оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын береді;
33) тұрғын жайдың жалпы алаңы - тұрғын жайдың пайдалы алаңының және нормативтік-техникалық актілерге сәйкес төмендететін коэффициенттер қолданылып есептелетін балкондар (лоджиялар, дәліздер, террассалар) алаңдарының жиынтығы;
34) тұрғын жайдың құны - тұрғын жайдың мәміле жасалған күні айқындалатын нарықтық құны;
35) тұрғын жайдың пайдалы алаңы - тұрғын жайдың тұрғын алаңы мен тұрғын емес алаңының жиынтығы;
36) тұрғын жайдың тұрғын алаңы - тұрғын жайдағы (пәтердегі) тұрғын бөлмелердің (жатын бөлменің, мейманжайдың, балалар бөлмесінің, үйдегі кабинеттің және сол сияқтылардың) шаршы метрмен есептелетін алаңының жиынтығы;
37) тұрғын жайдың тұрғын емес алаңы - тұрғын жайдағы (пәтердегі) ішкі қосалқы бөлмелердің (ас үйдің, ванна бөлмесінің, дәретхананың, кіреберістің, дәліздің, пәтер қоймасының және сол сияқтылардың) шаршы метрмен есептелетін алаңының жиынтығы;
38) тұрғын жайды реквизициялау - төтенше оқиғалар жағдайында мемлекеттік органдардың шешімі бойынша алып қойған тұрғын жайдың құнын не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін өзге де өтем түрлерін төлей отырып, меншік иесінен тұрғын жайды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп алып қою;
39) тұрғын үй (тұрғын ғимарат) - негізінен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардан және ортақ мүлік болып табылатын өзге де бөліктерден тұратын құрылыс;
40) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
40-1) тұрғын үйдің қалдық құны (бұдан әрі – қалдық құны) – тұрғын үйдің табиғи тозуын шегергендегі тұрғын үйдің бастапқы құны;
40-2) тұрғын үйдің табиғи тозуы – табиғи, климаттық және өзге де факторлар әсерінің нәтижесінде бастапқы техникалық-пайдаланушылық қасиеттерін (төзімділігін, орнықтылығын, беріктігін және басқаларды) жоғалту;
41) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) жалпы алаңы - бүкіл тұрғын үйдің жалпы алаңы мен бүкіл тұрғын емес үй-жайлар алаңының, сондай-ақ тұрғын үйдің ортақ мүлік болып табылатын бөліктері алаңының жиынтығы;
42) тұрғын үй-жай (пәтер) - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, тұрғын жайдың тұрғын алаңын да, тұрғын емес алаңын да қамтитын жеке үй-жай;
43) тұрғын үй кооперативі (тұрғын үй-құрылыс кооперативі) - азаматтардың тұрғын үйді сатып алу (салу) және пайдалану мақсатындағы коммерциялық емес бірлестігі, онда тұрғын үйге меншік құқығы кооперативке тиесілі болады, ал кооперативке мүше азаматтар өздеріне бекітіліп берілген үй-жайларды иелену және пайдалану құқығына, жекелеген жағдайларда - белгіленген тәртіппен билік ету құқығына ие болады және тұрғын үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысады;
44) тұрғын үй қоры - Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық меншік нысанындағы тұрғын жайлар;
44-1) тұрғын үй төлемдері – бұл мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын жайға мұқтаж қызметкерлеріне арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан оны берудің орнына арнаулы ақшалай қамтамасыз ету түрінде төленетін, өңірлер және отбасы құрамы бойынша сараланған ақшалай қаражат мөлшері;
44-2) тұрғын үй төлемдерін алушылар – осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаждар деп танылған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
45) уақытша тұрғындар - жалдаушы (тұрғын жайдың меншік иесі, тұрғын үй кооперативінің мүшесі) олардан тұрғын жайды пайдаланғаны үшін ақы алмай, тұрғын жайда уақытша тұру құқығын берген азаматтар;
46) уәкілетті орган - тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
47) үй-жай - тұрғын үйдегі (тұрғын ғимараттағы) жеке ішкі кеңістік. Үй-жай қабырғасының, еденінің және төбесінің (қабатаралық жабынның) ішкі әрленбеген беті, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе меншік иелері арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, әрбір үй-жайдың шекарасы болып табылады;
48) үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативі - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін бірлесіп басқаруы үшін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері құратын коммерциялық емес ұйым;
49) үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелері кооперативінің мүшесі - үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелері кооперативінің құрылтайшысы болып табылатын немесе берген өтінішінің негізінде үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің мүшелігіне қабылданған кондоминиум объектісіндегі үй-жайдың (пәтердің) меншік иесі;
50) шектеулі пайдаланылатын ортақ мүлік - ортақ мүліктің жекелеген жеке меншік иесінің (меншік иелерінің) пайдалануына белгіленген тәртіппен берілетін жекелеген бөліктері.
Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.06.08 N 163-IV; өзгерістер енгізілді - 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.06 № 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.



3-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры

1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры жеке және мемлекеттік тұрғын үй қорларын қамтиды .
2. Тұрғын үй қорына тұрғын үйлердегi тұрғын емес үй-жайлар кiрмейдi.
2-1. Арнаулы мемлекеттік органдарда қалыптастыру және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қызметтік тұрғын жайлар болады. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын жайлар жекешелендіруге жатпайды.
3. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке тұрғын үй қоры және мемлекеттiк кәсiпорындардың, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры үйлерiндегi тұрғын үй-жайларды жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың немесе өзге де ұйымдардың мәжбүрлеп иелiктен шығаруына тыйым салынады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері болып табылатын спортшыларға көтермелеу түрінде тұрғын үйлерді меншігіне беру ерекшеліктері «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.06.08 N 163-IV, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 N 229-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-бап. Тұрғын үйлердi пайдалану

1. Тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатқа пайдалануға осы Заңда көзделген жағдайларда жол берiледi.
2. Тұрғын үйдi пайдалану оның бұзылуына немесе бүлiнуiне әкелiп соқпауға, басқа тұрғындардың тұру жағдайларын бұзбауға, қоршаған ортаға залал келтiрмеуге тиiс.
3. Тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлар мен тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау мен қайта жоспарлауды үй-жай иесiнiң келiсiмiмен және жобаның құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келуiне жауап беретiн жеке немесе заңды тұлға орындаған жоба болған жағдайда жүзеге асыруға болады. Тұрғын емес үй-жайлар тұрғын үй-жайлардан оқшау болуға тиіс және ортақ кіру (шығу) есігі болмауға тиіс. Жобаның мiндеттi талаптарға сәйкестiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган растайды.
Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жөнiнде нақты атқарылатын жұмыстардың жобаға сәйкестiгi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен меншiк иесi мен жұмысты атқарушы жауап бередi.
Үй-жайларды (пәтерлерді) өзгерткен (қайта жабдықтаған, қайта жоспарлаған) кезде тұрғын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің міндетті жазбаша келісімі, мынадай:
өзгерістер тіреуіш конструкцияларды қозғаған;
өзгерістер ортақ мүлікті қозғаған жағдайларда, талап етіледі.
Жоғарыда аталған өзгерістер өзгертілетін үй-жайлармен (үй бөліктерімен) жапсарлас басқа да үй-жайлар (үй бөліктері) меншік иелерінің ғана мүдделерін қозғаған жағдайда, тек аталған адамдардың ғана жазбаша келісімін алу талап етіледі.
Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.07.06 N 276, 2009.06.08 N 163-IV, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану

Үй-жайлардың иелерi (азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет) тұрғын үйдi бiрлесiп пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген бiрлестiкке бiрiгуге құқылы.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Тұрғын үй қорын және кондоминиум объектісін
басқару

Тұрғын үй қорын және кондоминиум объектісін басқаруды меншiк иесi тiкелей, не өзi құратын (тағайындайтын, сайлайтын) органдар арқылы, сондай-ақ сенiм бiлдiрiлген адамдар арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 6-баптың тақырыбы мен мәтініне өзгерту енгізілді - ҚР 2009.06.08 N 163-IV Заңымен.

7-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын
мемлекеттiк есепке алу

Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттiк есепке алу, оның кiмге тиесiлi екенiне қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен Қазақстан Республикасы үшiн бiрыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады.

8-бап. Тұрғын үй дауларын шешу

1. Тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот шешедi.
2. Азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады.

9-бап. Шетелдiк заңды тұлғалардың, шетелдiктердiң
және азаматтығы жоқ адамдардың тұрғын үй
қатынастарындағы құқықтары мен мiндеттерi

1. Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалар мен шетелдiктер, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен және азаматтарымен бiрдей құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады.
2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар тұрғын үй қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттердi мойнына алады.

10-бап. Халықаралық шарттар

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

1-1-тарау. Тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік реттеу

Ескерту. 1-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2009.06.08 N 163-IV Заңымен.

10-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстаудың ережелерін бекітеді;
3) тұрғын үй көмегін көрсетудің ережелерін бекітеді;
4) тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді жеткізуші нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгі шарттарын бекітеді;
5) коммуналдық қызмет көрсету қағидаларын бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібін айқындайды;
6-1) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін айқындайды;
6-2) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібін айқындайды;
7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 10-1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-2-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:
1) тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асырады;
1-1) тұрғын үй қатынастары саласында жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады;
2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау ережелерін, тұрғын үй көмегін беру ережелерін, коммуналдық қызметтер көрсету қағидаларын, сондай-ақ кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкі тұтынушыларға коммуналдық қызметтер көрсетуші нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастықтың үлгі шарттарын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
3) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
4) өз құзыреті шегінде тұрғын үй қатынастары саласында нормативтік құқықтық актілерді, нормативтік-техникалық құжаттамаларды әзірлейді және бекітеді;
5) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасын қолдану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетеді;
7) тұрғын үй қорының жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады;
8) алынып тасталды - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9) үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жиналыстары хаттамасының және үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне жазбаша сауалнама жүргізу кезінде дауыс беру парағының, кондоминиум объектісін басқару жөніндегі есептің үлгі нысанын әзірлеп, бекітеді;
10) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
10-1) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді барабар бөлу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
10-2) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
10-3) тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін айқындайды;
10-4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
10-5) тұрғын үй инспекциясы туралы үлгі ережені бекітеді;
10-6) кондоминиум объектісін басқару шартының үлгілік нысанын бекітеді;
10-7) тұрғын үй инспекциясы ұсынып отырған тұрғын жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативі басқармасының төрағасы кандидатурасына қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
10-8) тұрғын үй көмегін көрсету мониторингін жүзеге асырады;
10-9) тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдарға басқарудың қазіргі заманғы әдістерін енгізудің әдістемелік қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 10-2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-3-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,
астананың жергілікті мемлекеттік басқару
органдарының құзыреті

Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
1-1) тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) тұрғын үй қоры саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөніндегі қызметін бақылау бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастырады;
4) бюджет қаражаты есебінен кондоминиумдар құрамына енгізілмеген ортақ пайдаланылатын жерлерді күтіп-ұстау жөнінде шаралар қабылдайды;
4-1) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігіне беруді жүзеге асырады;
4-2) тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
4-3) осы Заңның 32-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайда, кондоминиум объектісіне арналған техникалық паспорттарды дайындау бойынша шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеуді қамтамасыз етеді;
4-4) бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсетеді;
5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 10-3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-4-бап. Аудандардың, облыстық маңызы бар
қалалардың жергілікті мемлекеттік басқару
органдарының құзыреті

1. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
3) тұрғын үй қоры саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) тұрғын үй инспекциясының кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөніндегі қызметін бақылау жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;
5) бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсетеді;
6) осы Заңның 32-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайда, кондоминиум объектісіне техникалық паспорттар дайындау жөніндегі шығыстарды өтеуді бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етеді;
7) коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігіне беруді жүзеге асырады;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 10-4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2 БӨЛIМ

2-тарау. ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖЕКЕ МЕНШIК ҚҰҚЫҒЫН АЛУ

11-бап. Тұрғын үйдi сатып алу құқығы

1. Азамат немесе заңды тұлға, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы аумағының қай жерiнде тұратынына қарамастан, жеке меншiгiне заңды түрде тұрғын үй сатып ала алады.
2. Бiр азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiндегi тұрғын үйлердiң саны мен көлемiне шек қойылмайды.
3. Тұрғын үйге меншiк құқығын алуға немесе жүзеге асыруға байланысты қатынастар да Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.06.08 N 163-IV, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы пайда болуының
негiздерi

Тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы мынадай негiздер бойынша:
1) үй (үйдiң бiр бөлiгiн) салу;
2) сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, өмiр бойы күтiп ұстау шартымен, алып қою мәмiлелерi мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
3) тұрғын үйдi мұраға немесе құқықтың әмбебап түрде ауысуы ретiмен алу;
4) жалға алушының мемлекеттiк тұрғын үй қорының үйiнде өзi тұратын тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды жекешелендiру (сатып алу немесе тегiн алу) жолымен меншiгiне алуы;
5) тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң тұрғын үй-жай үшiн пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi;
6) шарттық мiндеттеме, соның iшiнде азаматтың үй салуға өз қаражатымен немесе еңбегiмен қатысуы туралы шарт негiзiнде тұрғын үй-жайды меншiкке беру;
7) заңды тұлғалардың мемлекеттiк емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi сату не тегiн беру жолымен өз қызметкерiнiң немесе өзге азаматтың меншiгiне беруi;
8) мемлекеттiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттiк меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттармен өзқызметкерiнiң не өзге адамның меншiгiне беруi;
9) жеке меншiкте болған тұрғын үйдiң бұзылуы немесе күштеп алынуы салдарынан тұрғын үйден айырылудың өтемi ретiнде тұрғын үй беру;
10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған басқа да негiздер бойынша пайда болады.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Жалдаушының мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы
тұратын тұрғын үйiне жекешелендiру тәртiбiмен
меншiк құқығын алуы

1. Осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдаушы кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйдi осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы.
Жалдаушының отбасы мүшелерiнің ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
2. Жекешелендiрiлген тұрғын үй жалдаушының және онымен тұрақты бiрге тұратын барлық отбасы мүшелерiнiң, оның iшiнде уақытша тұрмайтындарының, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiгiне өтедi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi тұрғын үйдiң иеліктен шығарылуына барлық меншiк иелерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Егер мәмiле тұрғын үйдiң меншiк иелерi болып табылатын кәмелетке толмағандардың мүдделерiн қозғайтын болса, қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмi талап етiледi.
4. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген қызметтік тұрғын үйлер осы Заңның 109-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша жекешелендірілуі мүмкін.
5. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген, қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлер осы Заңның 101-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн.
6. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй барлық жалдаушылардың ортақ үлестiк меншiгiне өтедi.
7. Мыналар:
1) олардың бірі сатып алуды жүзеге асыруға келіспеген жағдайда, жекелеген жалдау шарттарына сәйкес бірнеше жалдаушыға жалға берілетін;
2) уақытша құрылыстардағы;
3) белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмейтін;
4) одан әрі тұруға жарамсыз болуына байланысты тұрғын емес үй-жайлар етіп қайта жабдықталуға тиіс;
5) әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектiлердің аумағында орналасқан;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан;
7) бұзылуға тиіс;
8) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген;
9) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге болмайды.
Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген төсектік үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайлар да жекешелендіруге жатпайды.
8. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары құқылы. Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;
2) 1 және 2-топтағы мүгедектер;
3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;
4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;
6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
7) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері құқылы.
8) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер құқылы. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлеріне ауысады.
9. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді ғана жекешелендіруге құқылы.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.06.27 N 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - 2012.01.06 № 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi
мүшесiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi

Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеген мүшесi тұрғын үйдiң меншiк иесiне айналады. Мұндай тұрғын үйге меншiк құқығына жинақталған пайдың бiр бөлiгiне құқығы бар оның отбасы мүшелерi де ие болады.

15-бап. Жер учаскелерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп
иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үй
бұзылған жағдайда меншiкке тұрғын үй беру

Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Жер учаскелерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.
2. Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды.
3. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Тұрғын үйге ортақ меншiк құқығы

1. Тұрu


mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2019 год. (0.022 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал