Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






Дәріс-7-8. Журналистік зерттеу тақырыбының саяси аспектілері




 

Журналистік зерттеудің тақырыптық ерекшеліктерін айтпас бұрын оның кейбір теориялық жақтарына азырақ тоқталуды жөн деп білеміз. Ескі теориялық негіздемелерді ұстанушылар дерекке негізделіп сәтті жазылған репортаждың өзін журналистік зерттеуге балайды. Егер олай болса, оның әдеттегі жанрлардан айырмашылығы қайда қалмақ. Алайда, журналистік зерттеудің бұлжымайтын дерекке негізделіп мықты жазылуға тиіс екендігі түсінікті болғанымен мәселеге тереңдеп ене алатындығымен әдеттегі жазбалардан өзгешеленеді.

Журналистік зерттеу қоғамының негізін салушы Роберт Грин «Белгілі бір жеке адамның, ұйымның құпия жағдайда сақтағысы келген дүниелеріне тереңдеп еніп, сол арқылы қоғамдық мүддені көтерген, өзекті проблеманы таңдаған журналист мақаласын, бағдарламасын журналистік зерттеу» - деп түсінуге болатынын айтады.

Журналистік зерттеу кім, не, қашан, қайда, қалай, неге деген сұрақтарға жан-жақты әрі толықтай жауап бере отырып, оқиғаның түп-тұқиянына тереңдеп енеді. Мысалы, Үкімет орны шаруашылық нысандардың кірісіне салынатын салықтар туралы заңға өзгертулер туралы енгізуді ұсынып, парламент арқылы бекіттіріп алды делік. Неге заңға өзгерту енгізу қажет болды, оған кімнің мүддесі үшін барып отыр, артында кімдер тұр? Міне, осы сұрақтарды қазбалай отырып, түпкілікті себебін тауып, анықтауға жірналистік зерттеу бағытталады. Іздестіруші тілші заңдағы өзгерістер азғана топтар немесе бірлі-екілі компания үшін қолайлы да пайдалы құқықтық ахуал қалыптастыруы ықтимал деген күдікті ойын болжам ретінде алға қояды да, сонысын дәлелдеуді мақсат етеді.

Жалпы журналистік зерттеу белгілі бір мәселенің маңыздылығын айқындауды алға мақсат етеді. Айталық, жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған жаңа оқулықтар аса қажетті еді. Алайда, олар баспадан жарыққа шықпай қалды. Мұндай маңызды мәселені кейінге ысырып тастаудың астарында қандай бір саяси себеп немесе мүдде бар ма? Егер болса, журналистік зерттеу соның қыр-сырларын толығымен ашумен қатар мүдделеріне нұсқан келген адамдарды қорғауды басшылыққа алады.



Сондай-ақ, журналистік зерттеу уақыт факторларын, анығырақ айтқанда, бұрын не болып өтті, қазір не қалды, қалай жалғасып жатыр дегенді уақыт сабақтастығы аясында көтеріп шығарып келеді. Оның сыртында белгілі бір мәселелердің өзгеше және ұқсас жақтарын салыстырып, анықтайды. Мәселен, банкілерді банкротқа ұшырату процесс әр сатылып Үкімет орнының шешімімен жасалып келген болса, оның ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тереңдеп зерттеп табатын болсақ, ол процеске құрылым кінәлі ме, жоқ әлде, Үкімет орнының кері іс әрекеті қайталанып отырды ма? – дегенді объективті түрде анықтауға болады.

Ең бастысы, журналистік зерттеу туындысы барша жұртшылыққа қажет ақпараттарды ғана өн бойында сақтауы керек. Халықтық мүддені білдіретін дүниелерге көптің назарын аудару, әділетсіздікке төзбейтін дені дұрыс аураны қалыптастыру, қоғамды ізгілікке қарай өзгертудің қандай жолдары бар деген мәселені толғандыру онағ азаматтардың белсенділіктерін, бастамашылдықтарын бағыттау да журналистік зерттеудің парызы. Сонымен қатар ол қолында күшті биілігі бар жеке тұлға мен ұйымдардың заңсыз, теріс әрекеттерін және моральға қайшы келетін, жұртшылық жаппай мойындаған нормаларға қарсы істерді әшкерелеуді мақсат етеді. Айталық, қылмыстық істер жауаптанған тергеуші сол іске күдікті болған жауапкермен бірге бильярд ойнап тұрды делік. Бұл жерде тергеуші заңға қайшы әрекет жасамағанымен этикалық қате жасағандықтан осы оқиға журналистік зерттеуге тақырып бола алады.



Журналистік зерттеудің заңсыздықтарды, халықтан жасырылған маңызды ақпараттарды әшкерелейтін ерекшеліктері оның журналистиканың әдеттегі туындылардан өзгешелігін аңғартады және онымен айналысатын тілшінің мақсатын айқындап береді. Журналистік зерттеудің сипаты «жоғары шенді шенеуніктердің, мемлекет, әкімшілік қызметкерлерінің жасырғылары келген ақпараттарын жариялау, адамдар өміріне, қоғамға кері ықпал ететін заңсыздықтарды жұртқа хабарлап жеткізу, билік иелерін бақылау арқылы жемқорлыққа, мемлекет мүлкін талан-таражыға салуға, лауазымын асыра пайдалануына жол бермеу» арқылы көрініс табады.

Зерттеушілердің мәлімдеуінше, журналистік зерттеу философиялық пайымдауды өн бойына сіңірген медиа туынды. Оның осы қасиеті демократиялық қоғамды масс-медианың ауланы күзететін сенімді жақсы иттің ролін адал атқаратын сиптаымен көрініс табады. Әлеуметтік төменгі топтарға, баспанасыздарға, жұмыссыздарға шынайы дұрыс ақпарат беріп, айналасында жақсылықтың болатындығы жайында олардың санасына сенім ұялата алатындығында журналистік зерттеудің күш-қуаты жатыр. Осы мағынасы бойынша журналистік зерттеудің тақырыбы:

· Жұртшылықтың сұранысына, қажеттілігіне сай келу;

· Қоғамдық маңыздылығы биік болуымен қатар елдің психологиясына әсер ететіндей ауқымды болу;

· Әрбір өзгерісті, жаңа бетбұрысты өзіміз жасай аламыз деген сенімді туғызу деген негізгі үш факторды өзінде сақтауға тиіс.

Бұдан көрініп тұрғандай журналистік зерттеудің объектісі – Үкімет орны,

саяси ұйымдардың іс қызметтеріне, сыртқы қатынас, қарулы күштер, ұлттық қауіпсіздік, ірі бизнес, жұмыссыздық, банкроттық, парақорлық, сыбайлас-жемқорлық секілді экономикалық мәселелермен қатар білім беру, әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталады. Сонымен қатар журналистік зерттеуге қатысты жоқ тақырыптар да болады. Мысалы, өнімдердің ерекшелігін анықтаған ақпараттар, көңіл көтеретін шығармалар т.с.с.

Журналистік зерттеудің мақсаты және оның факторларымен сабақтаса келе функциясы анықталады. Олар төмендегідей:

· Лауазымды тұлғалардың халықтан жасырғылары келген құпия сырларын ашып, жайып салу;

· Жабық тақырыпты ашу жолмен оған жұртшылықтың назарын аудару, сол арқылы қырағы бақылаудың қалыптастыру;

· Қайнар көз деректі мен ақпараттарына сүйене отырып, белгілі бір мәселені қалай шешудің жолдарын ұсыну;

· Мемлекеттік, үкіметтік және өзге де нысандағы өндірістер мен шаруашылық ұйымдардың іс әрекеттеріне баспасөз, ақпараттық бақылау жасау.

Журналистік зерттеудің аталмыш функцияларынан көптеген

болжамдарынан, байқауларынан бір ғана шындықты тауып, тағайындау басты мақсат туындамақ. Қандай бір құпия сипаттағы, түсініксіздеу, зиянды болуы да ықтимал нәрсені байқаған журналистке күдік туады, ол болжам жасайды, оның соңынан ақпарат, дерек жинау үшін айлап, апталап іздестіреді. Оны ретімен көрсетсек төмендегідей:

· Журналистік күдігі, жасаған болжамы;

· Болжамға негіздей отырып, зерттеу жасау;

· Зерттеуге негіздей отырып, негіздеме ұсыну;

· Ұсынылған негіздемені дерекпен дәйектеу;

· Деректердің байланыстарын анықтап, қисындарын, реттеліктерін түсіну;

· Кепілдендірілген дерекке негіздей отырып, зерттелген, пысықталған түсініктемелер арқылы мақаланы жазу;

· Мәселенің оң шешім табу жолдарын көрсету.

Журналистік зерттеудің «жүрегі» тек қана бұлжымайтын шын дерек.

Батыс ғалымдарының мәлімдеуінше, журналистік зерттеу – журналистерге дерек арқылы ғана ойлайтын психологияны қалыптастырады. Сондықтан, журналист естіген, шет жағасын білетін ақпараттарын дәйектемесе, кімнің алдына болсын дәлелдей алтылмайтындай сыңайда болса, жазбай-ақ қою керек деген психология нық қалыптасуға тиіс.

Егер журналистік ғимаратқа теңейтін болсақ, оның қабырғаларындағы әр кірпіш дерек деген сөз. Мысалы ретінде 2001 жылы АҚШ-та стажировкада болған кезімізде ондағы әріптестеріміздің айтқан әңгімелерін келтіре кетудің реті келіп тұр. Осыдан 15 жыл бұрын Чикаго қаласында бір қызықты оқиға болыпты. Қалада парақорлықтың үдеп кеткені туралы гу-гу көбейгенімен, журналистер үшін іліп алар деректің ұшығы да шықпайды. Газет редакция ұжымы мейрамхана ашады да, даяшы, сатушы, бармен, бухгалтер секілді барлық жұмыстарды журналистердің өздері атқарып образдар ойнауға көшеді. Онда тағы жасырын бейне камера орнатады. Қысқа мерзім ішінде олар қызмет көрсетуші кәсіпкерлерге салықшылардың, тексерушілердің қаншалықты қысым көрсететіндігін, заңсыздықтарға баратындықтарын әшкерелейді. Жемқорлық пен парақорлықтың өте көп күйіп тұрған деректерін қолға түсіреді. Содан кейін мақала жазып, парақорлық, бюрократтық туралы жұртшылықты ғана емес әкімшілік мекемелердің өзін шошытқан ақпарат таратады. Журналистердің осы туындылары жоғары бағаланып жылдық үздік шығармаларына берілетін сыйлығына да ұсынылған. Алайда, олар сыйлықтан саналы түрдебас тартқан. Себебін мақала қаншалықты бұлжымайтын дерекке негізделіп, дәйекті рас жазылғанымен ақпарат тауып алудағы тәсіл журналистердің кәсіби этикасына қайшы келетіндігімен түсіндірген.

Ғылым деректі дәлелдеп көрсетсе, журналистика атты өнер оны дәйектеп сенім-наным қалыптастыратындығымен ерекшеленеді. Журналистік зерттеу дегеніміз жауапкершіліктен тұратын жанр. Ол бір жағынан лауазым иелерінің жұртшылық алдыңдағы жауапкершілігі болса, келесі жағынан халыққа шынайы деректер құралған мақала, ақпараттарды жеткізетін журналистің жауапкершілігімен өлшенеді. Мысалы, полиция қызметкері есірткі саудасымен айналысқанын журналист дәлелдеп, оны сот бекітсе БАҚ өкілдері Үкімет орнына қарасты министрліктен аталмыш қызметкерді қызметке таңдап алудағы критерий жайында түсініктеме сұрауына болады. Мұның артында үкіметтің де, журналистің де жауапкершілігі тұр. Оның сыртында баспасөз, ақпарат өзінің мемлекеттік немесе жекеменшік барлық нысандардан тысқары, дербес тәуелсіз субъект екендігін қорғап қалу үшін де жауапкершілік керек.

Журналистік зерттеу – сот емес. Яғни, әлде бір адамды айыпты деп тауып жазалау журналисте жоқ. Тек сол әрекет иесінің еліне, халқына қандай зиян келтіргенін іздестіріп тауып, оны нақты деректермен дәлелдеп, көптің назарына ұсыну ғана журналистік зерттеудің миссиясы. Мәселені қалай шешудің жолын журналистік зерттеу көрсете алады. Алайда, мұндай жол сілтеушілік журналистің саяси көзқарасы болмауы қажет. Ол – әртүрлі көздерден алынған ақпаратқа ғана негізделеді.

Журналистік зерттеу – саяси жүйенің қателіктерін тауып беріп, оны түзетуге бағытталған масс-медиа қызметінің бір түрі. АҚШ публицисы С.Уайсборд «Басқарудың демократиялық жүйесін нығайтуға септігін тигізгендіктен журналистік зерттеулер қажет. Олардың ролі баспасөздің «төртінші билік» деп аталатын моделіне кіргізіледі» - дейді.

Ендеше, БАҚ қалай төртінші билік бола алады, неге бұл сөз әлем ғалымдарының жазбаларында тырнақша ішінде қолданылады, ал, оны мүлде билікке жатқызбаушылардың көзқарастарына қалай түсінуге болады? Міне, осы сауалдарға жауап табу үшін мәселені жан-жақты қарастыру керек сияқты.

«Төртінші билік» деген терминді журналистика практикасына алғаш 1776 жылы атақты саясаткер, публицист Э.Берк әкелген екен. Бүгінге дейін бұл ұғым әдеби-көркем сарында қолданылғаны болмаса, ғылыми тұрғыдан терең зерттелген, нақты тұжырымдамалар мен дәйектер жоқтың қасы. Осының өзі-ақ мәселеге байыпты қарауды талап етеді. АҚШ ғалымдары Э.Деннис пен Дж.Мэррилдің «Масс-Медиа туралы әңгіме» атты кітабында: «Журналистер «төртінші билік» деген концепция мен көзқарас аясындағы барлық жалғандық пен алдамшы дүниелерге көз жеткізіп, түсінулері тиіс» - деп атап көрсетулері кездейсоқтық болмаса керек.

Журнализм саласының әйгілі теоритегі Джон Мэррил журналистердің, зерттеушілердің көбі «төртінші билік» жайында нақты мағлұматсыз екендіктерін айта келіп, оған өте анық тұжырымның қажеттілігін мәлімдеген. Ол былай дейді: «Біз қоғамның өзге күштерімен бірге БАҚ бәрінен мықты дегенді мақтаныш етіп, оған өзіміз де соқырлықпен сеніп, мәселенің маңызын төмендетуді де, асыра сілтеуді де қоюымыз қажет. Жалпы БАҚ – тың белгілі деңгейде ірі күш екендігі онсыз да белгілі». Дәл осындай бір ізді болмаған ұғым Ресей журналистикасын зерттеушілердің арасында да кездеседі. Олардың бір тобы демократиялық даму жолындағы елдерде БАҚ-ты билік тармағына енгізу мүмкіндік табылмағандықтан «төртінші билік деген термин жанама түрде қолданылады» - десе, келесі тобы оны тікелей билік функциясын атқарады деп есептейді.

Ал, үшінші тобы егер БАҚ мемлекеттік құрылымның органы болса, онда «төртінші билік» емес, керісінше бастапқы үш биліктің құралы болады да, журналистика қашан бүкілхалықтық мүддені білдіре алады, сонда ғана «төртінші билікке» айналады - дейді.

Мұндай концепциялық қайшылықтардың туындау себебі – журналистика мен мемлекеттік институттардың билігін механикалық тәсілмен тікелей салыстыруда жатса керек. Өзге қоғамдық институттардың билігі туралы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ол мүлде басқа әңгіме.

Бір басы ашық мәселе бар. Қазіргі қоғамдық-экономикалық дамудың басты факторы – ақпарат. Олай болса, «ақпарат билігінің» аясы кеңейіп, маңызы артып келе жатқандығын неге мойындамасқа. Ақпарат бар жерде менеджмент те бар. БАҚ-тың ең басты өнімінің өзі ақпарат емес пе. Оның негізі ерекшелігі ешкімді мәжбүрлемейтіндігінде, тек ықпал ету жолмен қоғамдық пікір қалыптастыратында болса керек.

Ресей ғалымы Л.Варустин «төртінші билік» сөзінің тырнақшаға алынуының себебін оның ресми сипатын аулақ, жанама тұрпатта екендігімен түсіндіре отырып, оның астарында ешбір келемеждің, кекеетіп-мұқатудың ізі жоқтығын айтады. Айналып келгенде, БАҚ-тың қоғамдық бақылаушы екендігін сезінеміз де, баяғы Ахмет Байтұрсынұлының «газет халықтың көзі, құлағы» деп өткен ғасырдың басында айтып кеткен сөзіне келіп тоқтаймыз. Еуропадағы Адам құқығы жөніндегі сотының анықтауынша азаматтық журналистика дегеніміз – «демократиялық прогрестің қозғаушы күші, қорғаушысы, эксперті және «бұқаралық күзетшісі» екен.

Ендеше, осыдан келіп, «төртінші билік» пен басқарушы, атқарушы, сот биліктерінің арасындағы қарым-қатынас мәселесі туындайды. Онда шешімін күткен бірнеше мәселелердің бар екендігін зерттеушілер мойындаған. Осыларға жеке-жеке тоқталсақ, төмендегідей:

Біріншіден, БАҚ әртүрлі топтардың қоғамдық мүдделерін білдіреді. Сондықтан журналистика өз билігін көптің атынан, әртүрлі мүдделер мен позицияларды білдіру жолмен жүзеге асырады. Мұның салдарынан БАҚ-тар арасында түсініспеушіліктер, қайшылықтар туындайды да олар қоғамдағы түрлі топтардың жақтастарына айналып, жіктеледі. «Бөлінгенді бөрі жейтіндіктен» ақыры «төртінші билік» болуға ұмтылған күштерін әлсіретіп алады. Осы себептен, БАҚ-тар мен журналистердің күнде қақсап жататын бірлік пен атулық туралы жырлары ең алдымен тап солардың өздеріне керек. «Төртеу түгел болса, төбедегі» билік өзі –ақ келмей ме.

Екіншіден, Қоғамда журналистканың мүмкіндігін пайдалана алмайтын белгілі топтар да болады. Оның қоғамдық-экономикалық, әлекметтік жақтарын айтпағанның өзінде әкімшілік, билік иелері тарапынан шектеулер қойылып жатпасына да кепілдік жоқ. Сондай-ақ, қоғамда журналистикаға қысым көрсететін өзге де толып жатқан жасанды кедергілер жетіп артылады. Осындай қиындықтардың салдарынан БАҚ өзінің «төртінші билік» атты мәртебесіне қол жеткізе алмай отыр.

Үшіншіден, Биліктің құқығы мен заңдылықтарын, оның нормасын қалай түсінеміз, қалай пайдалана білеміз деген мәселе деген тағы бар. Журналистердің арасында масс-медианың ең негізгі миссиясы – барды бар, жоқты жоқ күйінде халыққа жеткізу ғана өзгеде шаруасы болмау керек деген пікір қалыптасқан. Егер журналистика туындылары бұқаралық ақпаратқа жатқызылатын болса, оның қабылдаушыларға, қоғамдық институттарғаықпалы бар екендігі дау тудырмайды. Бірақ та, «алмақтың да салмағы бар» дегендей биліктің қай түрін иеленсеңіз де жауапкершілік деген дүниеден қашып құтыла алмайсыз. Ал, оны біз кейде абстракцияға айналдырып алатынымыз тағы бар.

Төртіншіден, Мемлекет, үкімет тарапынан әртүрлі қысым көрсетілу арқылы БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстап, оны ьікелей үш биліктің құлақ кесті құлына айналдырушылық бар. Оның мысалдарын алыстан іздемей-ақ, көршілес Өзбекстан, Түркіменстан ақпарат құралдарынан көруге болады. Оны батыс журналистика теориясында «quasimediademokratia» деп атап жүр. Сондықтан, «төртінші билік» деген жай теңеу, кей жағдайда бастапқы үш биліктің қателерін бақылауға алып, сынай алады деген әр алуан көзқарастар баршылық. Қалай десек те, БАҚ-тың мүмкіндіктерін шектеудің ақыры оның ықпал ету күшін әлсіретумен бірге демократияның құралынан гөрі өкіметтік машинаның құлына айналдырып тынады.

Бесіншіден, Соңғы кезде «төртінші билікті» заңның, құқықтық аясында кепілдентіру мүмкіндік туралы әңгіме зерттеушілердің арасында жиі қозғалатын болды. Олардың пайымдауынша, «төртінші билікті» заңның аясында кепілдендіру, оның құқығы мен жауапкершілігін анықтап орнын белгілеп беру, қоғамдық өзге институттармен арадағы байланыстарын теориялық тұрғыдан анықтау қажеттілігі қазіргі журналистика саласының даму теңденцияларынан туындап отырған өзекті проблема көрінеді.

Оны да түсінуге болады. Халықтың жақын жанашыры ретінде баспасөз оның сөзін сөйлейтін бірден бір өкілі. Басқарушы және атқарушы биліктің шешімдерінің дұрыс-бұрыстығына, оның жүзеге асырылуындағы ахуалдарға бақылау қоятындығымен, оны бүкілхалықтың назарына ұсынатындығымен БАҚ расындағы қоғамдағы ірі ықпалды күш. «Газетпен екі тіршілік иесін ұрып құлатуға болады. Біріншісі – шыбын, екіншісі - министр» - деген батыстықтардың анекдоттары да бос сөз емес.

Сайып келгенде, журналистика өзінің сипатына, ерекшеліктеріне сай биліктің құқықтары мен мүмкіндіктерін өн бойына сақтай алғандықтан ғана «төртінші билік» жөнінде әңгімеге арқау болып отырса керек. Ал, оны әзірше замандастырған тәжірибе әлемде жоқ. Дегенмен, оның өткір қару, ықпалды күш екендігін ешкім де жоққа шығармаса керек.

Журналист қандай бір төтенше істі ірі мәселенің бөлшегі деп қарап, жалпы жүйеде не болып жатқанын тауып білуге тырысуы тиіс. Осылай жасай алса ғана іздестірудің нәтижесі мол болмақ. Нәтижесі не дегенге келсек, журналистің әшкерелеген келеңсіздіктерді лауазымды тұлғалар мен басқарушы ұйымдардың жауапкершіліктерін арттырумен қатар өз істерін қатаң бақылайтын жағдайда келтіреді.

Оқырман қауім өздерінің күнделікті көріп жүрген көп жайлардың нақты себептерін баспасөз арқылы оқып білгілері келіп тұрады. Мысалы, халықтың қамы деген сөзді ауыздан тастамаса да, билікке қолы жеткендердің өзгеден гөрі өзі «тойып секіріп» баюының қыры мен сырына әркімнің көз жеткізгілері келеді. Оны заң органдарынан бұрын журналистік зерттеудің әшкерелегені тиімді, өзгеге сабақ болады, келеңсіздік алдын алуға көмектеседі. Осы сипатымен журналистік зерттеу демократиялық қоғамның сүйеушісі және тәуелсіз баспасөз, ақпараттың «төртінші билік» ретінде үстемдік құруының кепілдігі.

Алайда, бүгінде Қазақстанның ақпарат айдынында шет елдердің, әсіресе, Ресей басылымдарының шектен тыс билік құрып отырғандығына осы сала мамандары мен саясаттанушылар алаңдаушылық білдіріп отыр. Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам: «Қазақстанда шынында да сырттан әкелінетін ақпарат құралдарының орны ерекше. Бірінші орында – Ресей, екінші орында – АҚШ, үшінші – Түркия. Басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Олардың өзі екіге бөлінеді: біріншісі – таза ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары, екіншісі – құрама. Ресейлік ақпарат құралдары, әрине, тек Ресей мәселесін айтады. Ал, қосымшалар Қазақстан туралы жазғанда да Ресейдің ұстанымы тұрғысынан келеді... Өзіміздің азаматтар көбінесе, сол шеттен келген ақпарат құралдарына сүйенеді. Осы мәселені қазір қазір қолға алмасақ, елімізге бізге қатысы жоқ ақпарат үстемдік құрады. Демек, біздің ойымыз ел ішіндегі күрделі, көкейтесті мәселелерден алшақтайды» - деп дабыл қағады.

Тәжірибелі журналист, саясаттанушы С.Құттықадам одан ары қарай Қазақстанда шығады деген аты ғана болмаса, заты шет елдік олигархтардың иелігіндегі басылымдардың көптігіне алаңдаушылық білдіре отырып, оның қазіргідей ақпараттық заманда үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Бұл жерде ұлттық қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шығатынын оның әріптесі Шәріпбек Әмірбек те мойындай келе ондай басылымдардың негізгі бөлігі Қазақстанда өз өкілдіктерін тіркеп, үкіметтің рұқсатымен таралып жатқандығын айтады.

«Жас Алаш» газетінде жарияланған «Сырттың сөзі неге үстем?» (20.08.2005) атты мақалада көтерілген тақырыпты қорытындылаған журналист Айнұр Асылбекқызы: «...қазақ тіліндегі өтімді, өткір басылым біздің биліктің тарапынан ешуақытта қолдау тапқан емес, керісінше, құрсау салмаса. Бұл... мемлекеттік тілде сөйлейтін тұтас ұлттың тілі байланып отыр» - деп санайды.

Профессор М.Мағауин өзінің зарлы толғау деп атаған «Ұлтсыздану ұраны» атты мақаласының «Қазақ тілді баспасөз» («Алтын Орда», №37. 2004ж) деген бөлімінде: «қазақ тілді журналистеріміз ап-анық нәрсенің өзін бұлдыратып жібереді, көркемдемеймін, өрнектеймін деп, мүлде білдіреді. Түптеп келгенде, осының бәрі әдепкі сауаттың төмендігінен... Еркін сөздің парасатты, өткір, мән-маңызды, бүгінді тереңінен қамтып, болашақты нақты бағдарлаған игі қасиеттеріне ұмтылудың орнына, батыста саржағал аталатын басылымдардың былғаныш әдеттеріне бейімделіп кетті. Нәтижесінде, ұлттың көкейкесті мәселелерінен тысқары қалып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап теріске ойысып, ақыр түбі бүгінгі, әрі дәрменсіз, әрі қатерлі қалпын тапты» - деп мәселеге басқаша қырынан келеді. Профессордың пайымдауынша, он үш жыл бойғы қазақ баспасөзіндегі ең негізгі сарын – бір жағынан жылымшы мадақ, жөреуке жағымпаздық және оған керісінше, балағат, сөгіс. Мадақталатын – билік басында отырғандар, - деп есептейді.

Әрине, профессор айтқандай, кейбір қазақ газеттерінде ондай кемшіліктердің бары рас. Алайда, оны барлығына ортақ олқылық деуге келмейтіні белгілі. Мұндай пайымның туындауына себепкер болып отырған мәселенің өзі айналып келгенде, бізде осы күнге дейін мықты журналистік зерттеудің жасалып үлгермегені болса керек.

 

Сұрақтар:

1. Журналистік зерттеудің тақырыптық ерекшеліктері неде?

2. Журналистік зерттеудін алдына қандай мақсат қояды?

3. Барша жұртқа қажет ақпарат дегеніміз не?

4. Журналист зерттеудің әдеттегі туындылардан өзгешелігі неде?

5. Журналистік зерттеудің объектісін атаңыз.

6. «Төртінші билік» сөзінің мәнін түсіндіріңіз.

 

Әдебиеттер:

1. Ullmann J. The Report`s Handbook. Sekond education. New York. 1989

2. Демократия және журналистік зерттеулер. Ғалымдық мәселелер. Электронды журнал. №1. 2001. 16-б.

3. «АиФ», 1990, №30, с.1-2

4. Чичановский А.А. «В тенах свободы», Москва, 1995, с.217

5. Құттықадам С. // Сіз не дейсіз? «Жас Алаш». №99. 20.08.2005.

 

Тапсырмалар:

1. Қазақстанда жарық көретін Ресей газеттерінің қосымшаларына шолу жасап оның жарияланымдық мазмұнына талдау жасау.

2. Телеарналардағы ток-шоу бағдарламаларда көтерілетін саяси, әлеуметтік ірі әрі өзекті мәселелерге талдау жасау.

 

 


mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2019 год. (0.014 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал