Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






Дәріс-1-2. Журналистік зерттеудің қоғамдық – саяси өмірдегі орны




ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУДІҢ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫНДАҒЫ ОРНЫ, ДАМУ МҮМКІНДІКТЕРІ, САЯСИ АСПЕКТІЛЕРІ

Дәріс-1-2. Журналистік зерттеудің қоғамдық – саяси өмірдегі орны

 

Тәуелсіздік жылдарында сөз бостандығымен бірге сөздік қорымызға журналистік зерттеу деген де атау қосылды. Сөз бостандығы жоқ жерде мұндай терминнің де болуы, әрине, мүмкін емес. Сондықтан, бұл да массмедиа теориясы мен практикасындағы, қоғамдық-саяси өмірдегі жаңа құбылыс болып табылады. Тәуелсіз баспасөзді ел журналистикасында орнықтыру, журналистік зерттеуді БАҚ практикасында қалыптастыру деген оңайлықпен жүзеге асырылатын іс емес. Оның сыртында жоғары дамыған демократиялық елдердің өзінде журналистиканың осы бір күрделі саласының даму тарихы тым алыста емес, беріректе жатыр.

АҚШ мемлекеттік депортаментінің шақыруымен осы елге 2001 жылы барғанымызда «Вашингтон пост» газеті ғимаратын аралаудың да сәті түскен еді. Ғимараттың кіре берісінің қабырғасын түгелдей дерлік алып жатқан газеттің бір санының суреті бар. Сырттай қарағанда газеттің әдеттегі бір саны. Оның әлде бір даталы мерейтойға, тарихи мерекеге, сән-салтанатқа еш қатысы жоқ. Оның себебін сұрағанымызда «Вашингтон пост» газетінің білім беру жөніндегі үйлестірушісі Айвонн Лэмб ханым былай деп түсіндірді: «Бұл сан тек біздің ғана емес әлем журналистикасының тарихындағы ірі оқиғаға байланысты болғандықтан осылай орналыстырылған. 1970 жылдары АҚШ Президенті Ричард Никсон оппозициялық күштердің қызметін құпия тыңдаушы құралдың көмегі арқылы барлап келгендігі әшкереленіп, соның салдарынан отставкаға кеткен еді. Оны әшкерелеушілер журналистер болатын. Кейін бұл оқиға журналистика тарихына алтын әріппен жазылды. Себебі, дәл осы кезден бастап журналистика сынды құдіретті қарудың құрама штаттың Президентін де тақтан тайдыра алатынын адамдар сезінген еді».

«Вашингтон пост» газеті Президент Ричард Никсонның орнынан алынғаны жайындағы репортаж жарияланған аталмыш санды қастерлеуінің себебі жоғарыдағыдай. Расында, газет қызметкерлері Президенттің барлау тәсілдерін қолдануға дейін барған лас әрекетін зерттеп анықтаумен қатар бұлжымайтын деректермен дәлелдей алған. Осылайша АҚШ-та аталмыш газет журналистік зерттеудің әкесі ретінде аталады.



Журналистік зерттеу – журналистердің осал жандар емес екендіктерін дүйім жұртқа көрсетіп берді. Олар журналистердің мақала жазып қана тыныш жүретін қатардағы қарапайым жандар емес, қажет кезде кәсіби барлаушылардан да қалыспай ақпарат таба алатын, жедел жұмыс істеуді білетін алғыр да батыл адамдар екендіктерін әйгіледі. Адамдар ортасында сондай игі ұғым қалыптасып үлгерді де. Сондықтан, американдық журналистердің арасында «Орталық барлау басқармасынан бұрын біліп алу үшін» деген ұран іспетті қанатты сөз пайда болыпты.

Америкада бұдан бұрын да сәтті жасалған журналистік зерттеулер болды. Бірақ, оның бәрі ел Президентін тақтан тайдыратындай деңгейге жете алған жоқ. Дәл осындай мысалды өзге елдердің журналистикасынан да әзірше кездестірген жоқпыз.

Ғасырлар тоғысында ірі корпорациялар пайда болып, дамуының нәтижесінде экономикада ғана емес жалпы қоғамдық-саяси өмірде елеулі өзгерістер орын алды. Бірінің ізін бірі басқан реформалардың толассыз толқыны қатардағы еуропалықтар мен американдықтардың көбісінің жүйкесін тоздырып, табанды қарсылықтарына да тап болып жатты. Ұлттық экономиканың бүтін бір саласын бақылайтын ірі бірлестіктер мен олгархиялық топтардың пайда болуы еркін бәсеке мүмкіндіктерінің шектелуіне мәжбүр тудырды.аталған ірі олгархтар мен қаржылық топтардың арасында заң бұзушылықтар, тұтынушыларды алдап-арбау, мемлекет пен үкімет шенеуніктерінің ауыздарын парамен ұрып, сатып алу секілді келеңсіздіктер қылаң бере бастаған.



Дәл осы бір аумалы-төкпелі заманда АҚШ журналистикасында қоғамға қауіп төңдіретін жат көріністер мен сыбайластық, жемқорлық оқиғаларына қарсы күрес басталды. Қоғамдағы келеңсіздіктердің себеп-салдарын тереңдеп зерттеп, оған халықтың назарын аударуды көздейтін журналистиканың жаңа бір ағымы пайда болды. Зиянда әрі жат көріністерді әшкерелеудегі негізгі мақсат – оның шынайы бет-пердесін ашу, себеп-салдарын түсіндіру, реформаны дұрыс арнаға бұру және жемқорлық, алдап-арбаушылық, бетімен кетушілік, билікті асыра пайдаланушылықты ауыздықтауға ықпал ету еді. Осы әрекеті арқылы олар шынай реформаның негізі қаланады деп есептеді.

Дін уағыздаушы Б.Флауэр 1887 жылы құрған өзінің «Arena» журналында сол кезеңдегі қоғамдық, экономикалық құрылымды өткір сынға ала бастаған. 1901 жылы аталмыш журналда жарияланған бағдарламалық мақаласында Б.Флауэр «еліміз нағыз бостандықтың түпкілігі мақсатынан алшақтап барады. Оның дәлелі ретінде бай мен кедейдің ара жігінің алшақтай түсуін, жемқорлықтың белең алуын, лауазымды қызмет бабын асыра пайдаланушылықтың өршуін, үкіметтің өзінің плутократтарға кіріптар болуын атап айтуға болады» - деп мәлемдеген ол экономикадағы монополияны шектеу үшін реформаның жасалуын талап еткен. Сондай-ақ балалар еңбегін қанаушылардың әшкерелеген, Линч сотының заңсыз әрекетіне қарсы күрескен, жұмысшылардың тұрмыстық және еңбек жағдайын жақсарту жайында проблема көтерген цикл мақалалар жарияланған.

ХХ ғасырдың басында «Arena»-ның соңынан «McClures» (Макклаэз), «Colliers» (Колиез), «Everybody» (Эврибадиз), «Cosmopolitan» (Космоуполитэн) секілді көпшілік журналдар жарыққа шығып, атқарушы және сот биліктерінің әртүрлі деңгейлеріндегі жемқорлықтарын, сыбайлыстықтарын, ірі компанияларының қылмыстық сипаттағы әрекеттерін әшкерелеуге бағытталған ондаған материалдар басылды. Мемлекет апаратын қатаң сынға алған іздестіру (журналистік зерттеу) журналистерге қаны қайнаған АҚШ президенті Теодор Рузвельт 1906 жылы оларды макрейкерлер «muckrakers» яғни «лас өсекке құмартушылар», «өкше сығалаушылар» деп атап, тіл тигізген. Алайда, қоғамды лас қоқыстан тазартуды өздерінің басты миссияларына айналдырған зерттеу (іздестіру, із кезу) журналистері істеріне жоғарыдағыдай анықтаманың берілгеніне қарсылық көрсетпеген. Керісінше, жағымдылау сыңаймен қарсы алған екен. Кейін тіпті іздестіру журналистері, әшкерелеуші сыншылдар өкілдерінің қозғалысын «макрейкерлер қозғалысы» деп атап кеткен.

«Макрейкерлер қозғалысы» қандай бір бірлескен бағдарламаның аясында да бас қоспаса да заңсыздық пен жемқорлық, қаржы экономикалық саласындағы былық-шылықтар, моральдық азғындық, алдау-арбаушылықсекілді жат көріністерге қарсы күрес жолында тағдар тоғыстырған публицистер мен журналистер қауымы болатын.

Макрейкерлердің туындыларын көп жариялайтын басты басылымдардың бірі «McClures» журналы болды. Оны шығарушылар көптің назарын аударған, қоғамдық психологияға әсер еткен әсіресе, ірі бизнестегі былықтарды әшкерелеген, сынаған материалдарды жазған журналистерді ынталандырып отырған. Осындай мақалалар ғана оқырмандар назарын аударған және газеттің өтімділігін жақсартқан. 1902 жылдан бастап аталмыш журналдың қызметіне макрейкерлер қозғалысының белді өкілі Линкольн Стеффенс кіріскен. Оның Сент-Луис және өзге қалаларды басқарған американ шенеуніктерінің, лауазым иелерінің жемқорлықтарын, қызмет бабын пайдаланудағы шектен шығушылықтарын әшкерелеген және мемлекеттік мекемелерді тазарту, демократияландыру туралы жазған «Қалалар масқарасы» (1904), «Өзін өзі үшін басқару күрес» (1906) секілді циклдік мақалалары сыншыл журналистиканың дамуына зор ықпал еткен.

«McClures» журналы 1903 жылдан бастап «Стандарт Ойл Компани» деген мұнай монополиясының заңсыз істерінің ізіне түсіп зерттеген Ида Тарбелдің, темір жол компаниясының өз білермендіктеріне салып жасаған былықтарын әшкерелеген Рэй Стэндарт Бейкердің туындыларын жариялау арқылы зор табысқа жеткен. Нәтижесінде журналдың таралымы күрт көбейіп, қысқа мерзім ішінде жарты миллионды құраған.

1905 жылдан кейін журналистиканың әшкерелеуші, сыншыл бағытында «Colliers» журналы жетекші рольге ие болды. Оның сыртында 1906 жылы журналистік із кезуге маманданған үш журналист бірігіп, зерттеу бағытындағы «American Magazine» журналын ашты. Алайда, көпшілікті қамтыған таңдаулы журнал жасамақ болған публицистердің еңбегі зая кетіп, мақсаттары орындалмады.

Макрейкерлер көпшілік журналдарда АҚШ-тың ірі байлары өз бәсекелестерін үнемі қорқытып-үркітетіндіктерін, онымен қоймай алдап-арбайтындықтарын, тіпті өлтіруге дейін баратындықтарын және үкіметтік, әкімшілік шенеуніктерді парамен сатып алатындықтарын, өзге де қаржы қылмыстарын батыл әшкерелеп, сынға алған. Сонымен қатар өз қызметкерлерін тонау жолымен келеңсіз әрекеттерді де айыптаған. Осындай мақалалардың арқасында Еңбек заңын жетілдіруді талап еткен қозғалысты өмірге әкелді, қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етті.

Кейбір макрейкерлер тұтынушыларды алдап соғатын темір жол компанияларын, ет дайындау трестерін сынға алумен бірге сақтандыру фирмалары мен медицина салаларының өнімдеріне патент беретін ұйымдардың заңсыз әрекеттерін әшкерелеуге басты назар аударды. Айталық, осы кезеңде журналист Энтон Синклер ет өнімдерін дайындайтын компаниялардың жұмыстарына журналистік зерттеу жасап, елеулі нәтижеге жеткен. Макрейкерлердің осындай белсенді іс қимылдарының арқасында Темір жол жұмысын үйлестіру, Азық-түлік өнімдерінің тазалығы туралы заңдар қабылданды.

«Cosmopolitan» және де өзге де көптеген газет, басылымдар балалар еңбегін қанайтын келеңсіздіктерді жою мәселелерін көтерген. Балалар еңбек етіп жүрген жұмыс орындарының адам төзгісіз жағдайларын әрі нақты бұлжымайтын деректерге сүйеніп, жазып көрсетті. Осыдан кейін балалар мүддесін қорғайтын қозғалыстар өрістеп, олардың еңбектерін қанауға тиым салуды талап етті. Туындаған мәселеге орай заң жобасы жасалып, Конгреске жолданды. Мұның бәрі сол тұстағы іздестіру журналистиканың елеулі табысы болатын.

Іздестіруші журналистердің таңдаулы туындыларының артықшылықтары, жалпы ерекшеліктері олардың жан-кешті еңбек құмарлықтарында, деректі талдаудағы біліктіліктерінде, мәселені тұп-тұқиянымен өте тереңдеп зерттейтіндіктерінде және оны аса маңызды ақпарат көздерімен дәйектей алатындықтарында еді. Нәтижесінде, олар туындауы мүмкін дау-дамайларға қарсы тұрумен қатар құқық қорғау, заңды қадағалаушы орындардың алдында өздерін және жалпы шындықты дәлелдеп қорғауға қабілетті болды.

Макрейкерлер «сары» журналистиканың принципсіз тәжірибесінен аулақ болды. Сонысымен де шығармашылық істерінде журналист этикасы нормаларын қатаң ұстануды озық үлгісін көрсетті. Осылайша, олар Америка журналистикасына жаңа аура әкелді. Макрейкерлер ежелгі әдебиет пен журналистиканың дәстүрлі сипаттарын мұра ретінде қабылдай отырып, бұқаралық баспасөздің де озық үлгілерімен жұмыс істеді. Мұның өзі олардан зор қабілеттілікті талап етті. Сондықтан да, көптеген іздестіруші журналистердің туындыларының әдеби-көркемдік өңделуі жоғары сапаға сай келді. Осы сипатына тақырыптың қоғамдық маңыздылығын ұштастыра білген. Осы қасиетінің арқасында макрейкерлердің таңдаулы мақалалары қазіргі заманғы іздестіру және әшкерелеуші сыншыл журналистиканың классикалық туындыларына айнала алды. Макрейкерлер қозғалысының көрнекті өкілі Линкольн Стеффенстің ХХ ғасырдағы Американың үздік журналисі ретінде мойындалуы кездейсоқтық болмаса керек.

1911 жылғы экономикалық дағдарыс қоғамдық журналдарға ауыр соққы болып тиді. Соның салдары макрейкерлер қозғалысының күш-куатының әлсіреуіне ықпал етті. Қаржы-қаражат жағынан қиындыққа тап болған публицист Макклюр журналынан көз жазып қалды. «American Magazine», «Everybody's» журналдары сатылып, бағыттарын, саясаттарын өзгертті. «Cosmopolitan»-ді Херст әйелдер басылымына айналдырды. Дүниежүзілік бірінші соғыстан кейін іздестіру, сыншыл журналистика солшыл және радикалдық бағыттағы шағын журналдардан ығыстырылып тынған.

АҚШ-та негізгі қалаған макрейкерлер қозғалысы қазіргі Америка журналистикасындағы іздестіруші және әшкерелеуші, сыншыл бағытының пайда болуына зор әсерін тигізген. Әлем зерттеушілердің арасында осы үрдісті журналистиканың ерекше бір жанры деп қарастыратындар да баршылық.

Күні бүгінге дейін іздестіруші, әшкерелеуші сыншыл бағытымен маманданған, ірі табыстарға жеткен журналистерді дәстүр бойынша АҚШ-та макрейкерлер деп атай береді. «Вьетнам соғысы кезінде Маалай елді мекенін бейуаз тұрғындарымен бірге күлін көкке ұшырып, жер бетінен құртып жіберген жауыздықтың ізіне түсіп әшкерейлеген Сеймур Херш, АҚШ-та экология қозғалысының пайда болуына ықпал еткен, қоршаған ортаға химиялық заттардың тигізіп отырған зардабын әшкерелеп сынаған Рейгел Карсон, әйгілі Уотергейт қылмысын ашып, Президент Ричард Никсонды тақтан тайдырған цикл мақалардың авторлары «The Washington Post» газетінің тілшілері Боб Вудворд, Карл Бернстайн секілді тұлғалардың есімі алтын әріппен жазылды деуге болады».

Еуропа іздестіру журналистикасының көрнекті өкілі ретінде неміс публицисі Гюнтер Вальраф аталады. Ол неміс қоғамының іріп-шіруіне негіз болған заңсыздықтарды, азаматтар бостандығына келтірілген нұсқандарды ашық айқын көрсетіп, іздестіру журналистикаға тән көптеген таңдаулы туындыларымен атаққа шыққан хас таланттардың бірі болды.

1980-90 жылдары Латын Америкасында әскери режим құлатылып, өкімет билігін бүкілхалықтық сайлауда жеңіп шыққан қайраткерлер қолдарына алған соң іздестіру журналистикасы дамуға бет алған. Демократиялық қозғалыстың тасасында үкіметтік шенеуніктердің жемқорлықтары мен ұлттық байлықты таран-таражыға салу секілді көлеңкелі көріністер пайда болған. Бразилияның «Journal de Brasil» газеті 1991 жылдан бастап, мемлекеттік жоғары лауазымды тұлғалардың қызмет бабын асыра пайдалану оқиғаларын, қоғамға келтірген зардаптарын әшкерелеу науқанын өрістеткен. Аталмыш газеттің тілшісі М.Роша Қаржы-экономикалық министрлігінің компьютер жүйесіндегі ақпаратына еніп, әлеуметтік әлсіз топтарға арналып, бөлінген ақшаның президент Ф.Коллордың қайын жұртына беріліп, талант-таржыға салынғанын әшкерелеген. Оның сыртында ел басқарып отырған президенттің заңсыз қарды істерін, ірі көлемінде пара алғандығын тағы әйгілеп берген. «Veja» апталық журналы президентке қатысты парақорлықты әшкерелеу науқаның жалғастырып, ақыры оны мемлекеттік ең биік лауазымнан түсіріп тынған.

Ел басқарған жоғары лауазым иелерінің былық-шылығын әшкерелеу Латын Америкасының өзге елдерінде де жалғасын тапқан. Панаманың “La Pressa” газетінің бас редакторы Г.Горитти ізге түсіп зерттеудің арқасында елдің президенті Перес Валладарестің колумбиялық ескерткі саудагерлерімен байланысы барлығын әшкерелеп, оның мемлекет банкілері арқылы қыруар лас ақшаны «жууға» көмектескенін, оның ақысына сайлауалды науқаның қаржыландыруға қаражат алғанын әшкерелеген. Аргентинаның «Pagina – 12» газетінің шолушысы Х.Вербицки ел президенті К.Менемнің заңсыз қаржылық әрекеттерін әшкерелеп, шу көтерген.

Қазіргі заман «макрейкерлері» ақпарат жинау, оны талдау жасауға компьютер технологияларын молынан пайдалануы жоғары лауазым иелері мен олигархтардың қызмет бабын асыра пайдалану әрекеттерін әшкерелеуге, журналистік зерттеу жасауларына қолайлы мүмкіндік тудырып отыр.

Алайда, АҚШ журналистикасының аталмыш жетістік шыңына жету тарихы 200 жылға созылғанын, осы кезеңдерде қиын-қыстау жолдарда өткенін, тәуелсіз журналистиканы өз мәні бойынша қалыптастыру үшін қыруар күш-қайрат жұмсалғанын тағы ұмытпауымыз керек. Онымен салыстырғанда 10 жылдан астам уақыт деген қас қағым сәт екендігі баршаға аян. Олай болса, дәл қазір бізде сөз бостандығының даму мүмкіндігі, құқықтық негізі енді-енді ғана қалыптаса бастады деуге болады. Ал, оның құрамдас бір бөлігі болып табылатын журналистік зерттеудің кейбір сипаттары, алғашқы қадамдары жаңадан жасалу бағытында тұр десек шындыққа саяды.

Ендеше, журналистік зерттеу дегеніміздің өзі не?

Бізде «журналистік зерттеу» деп аталатын бұл термин ағылшын тілді елдерде «Investigative Journalism», ал, Ресейде «журналистское расследование» делініп жүр. Түпкілікті мағынасын орыс тіліндегі баламасы толық ашатын секілді. Біздің «зерттеу» сөзіміз ағылшын тілінің «scientific research», орыс тілінің «исследование» сөздерімен төркіндес болып келеді. Сондықтан журналистік «зерттеу» дегеннен гөрі «іздестіру», «із кесу» секілді сөздерді қолдансақ әлде қайда тиімді болатын түрі бар. Атаудың өзінде дәлдік болмаса, практикалық істің барысында түсінбестіктің салдарынан қайшылық тумасына кім кепіл.

Мәселенің ішкі мазмұнына тереңдеп еңбеген, оның себеп-салдарын ашпаған, көтерілген проблемалар мен жасалған тұжырым нақты дерекпен дәйектелмеген, құпия жемқорлық пен сыбайластықтың жасырын сырларын ашпаған, көріністі жай ғана сырттай сипай қамшылаған, азғана фактінің басын қосқан ағымдағы мақала ешқашан «журналистік зерттеу» бола алмайды. Бізде оны білмей-түсінбей жатып, атауды оңды-солды қолдану үрдісі байқалып жүр. «Хабар» агерттігі қатардағы репортаждарында, «Ақ жол - Қазақстан» газеті көлемді интервьюлеріне кейде «журналистік зерттеу» деп айдар тағып жатады.

Жалпы радио – телевизия, баспасөз күнделікті арқылы күнделікті таратылатын репортаждар мен журналистік зерттеу материалдарының айырмашылығы жер мен көктей дегенді кейбір әріптестеріміз біле бермейтіні байқалады. Осының өзінен-ақ, бізде журналистік зерттеуде бейімделудің, жұмыстық тәжірибе жинақтаудың, біліктілік пен қабілеттілікті игерудің қажеттілігі туындап отырғанын көруге болады. Бұқара қауым үшін онсыз да басы ашық, көпке мәлім жайттар еш қашан журналистік зерттеуде объект бола алмайды. Осы себептен батыстық ғалымдар «белгілі бір жеке тұлғалардың немесе мекемелердің өзгелерден құпиялап жасырған сырларына терең үңіліп, сол арқылы қоғамдық мүддеге сай өзекті мәселе көтерген мақалалар мен бағдарламалар журналистік зерттеу» бола алатынын айтады. Зерттеу журналистикасының туындыларының тақырыптары төменде көрсетілген үш негізгі факторды өн бойында сақтайтындығымен ерекшеленеді:

Біріншіден, оқырман қауымның ізденістер мен қажеттіліктеріне сай келу;

Екіншіден, қоғамдық маңызы жоғары, оқырмандардың психологиясына ықпал етерлік қабілетінің болуы;

Үшіншіден, журналистің ұсынып отырған дерегі жеке тұлға немесе ұйымның халықтан жасыруды көздеген құпия сырлары болғаны жөн.

Аталмыш факторлардың қай бірі болмаса ол дерек журналистік зерттеуге өзек бола алмайды. Ал, өкінішке қарай біздің журналистер жоғарыдағы факторларды ескеріп жатқан жоқ. Осының салдарынан нақты нәтиже көрінбей, тақырып ашылмай қалып жатады. Оның сыртында дерек тереңдеп зерттелмейді, жан-жақты талдау жасалмайды.

Демократияның іргелі талаптарының бірі – сайланған өкілдер (депутаттар) мен мемлекеттік шенеуніктердің халық алдынағы жауапкершіліктерін арттыру мәселесі. Жауапкершілік жүктеу үшін көптеген механизмдер қолдануға болады. Алайда, ең супер делінген құрылымның өзін жеке бас пайдасына қолайлы етіп алатын пысықайлардың қулықтарына тосқауыл қою оңай шаруа емес. Әрбір істе қателіктердің болмай тұрмайтыны тағы белгілі. Соның бәрін дер кезінде әшкерелеп, жөнге салып отыру журналистік зерттеудің миссиясы болмақ.

«Мемлекет пен үкіметтің қызметі оның ішінде сыбайлас жемқорлық, лауазымдық билігін теріс пайдалану секілді көріністер көпшілік қауымның қызығушылықтарын тудыратындықтан оны әшкерелеу арқылы былыққа жол бермеу үшін баспасөз бен ақпарат құралының «қабаған иттің» міндетін атқаруы аса маңызды». Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты осылай деп ерекше атап көрсетеді.

Жоғарыда аталған сөздің мағынасына сүйенсек, журналистік зерттеудің сөз бостандығы мен тәуелсіз баспасөздің құрамдас бөлігі екендігіне көз жеткіземіз. Ол – қоғамда салауатты, кіршіксіз таза ахуал қалыптастыра отырып, шындықты табады, халықтың ой, пікірлеріне сүйеніп мемлекеттік, үкіметтік мекемелердің және ондағы лауазым иелерінің қызметіне бақылау жасайды.


mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2019 год. (0.011 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал