Студопедия

Главная страница Случайная страница

КАТЕГОРИИ:

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника






ШАРУАШЫЛЫҚ,МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР




Мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы. Жабайы жануарларды қолға үйретуге көшу адам қоғамы дамуының заңды кезеңі болды. Қолға үйретілген және қолда өсірілген жануарлар аңшылық сәтсіз болған күнде,әсіресе қыс кезінде,тамақ қоры болуын қамтамасыз етті. Жабайы жануарларды қолға үйрету сонау неолит дәуірінде басталды. Солтүстік Арал өңіріндегі,Қазақстанның батыс,орталық және шығыс аудандарындағы неолиттік тұрақтарда жабайы жануарлардың сүйектерімен қатар қолға үйретілген сиырдың,жылқының,қойдың және сірә,ешкінің де болар,сүйектері табылды. Неолиттен кейінгі қола дәуірінде қолға үйретілген жануарлардың саны көбейді, малдың түр құрамы да көбейді. Қола дәуірі шаруашылық нысаны ретіндегі мал шаруашылығының үздіксіз дамыған уақыты болды.

Қола дәуірінің алдыңғы кезеңіндегі қоныстарда жиналған сүйек материал бұл уақытта Қазақстан аумағындағы адамның негізгі кәсібі үй маңында мал өсіру болды деуге мүмкіндік береді. Малдың көбі ірі қара болды;оны жаю үшін жайылымдағы шалғын пайдаланылды. Қой мен жылқы аз болды. Кәрі малдар мен әр жылғы төл қысқа ет дайындауға арналды,ал төлдің бір бөлегі табында қалдырылды.

Үй маңында мал бағу бірте-бірте жайлауда мал бағуға ұласты. Малды жайлауда баққанда бақташылар малмен біре бір жайылымнан екінші жайылымға жылжи көшіп отырды. Табын құрамында ұсақ малдың және жылқының үлесі көбейді. Мәселен,Атасу қонысынан табылған сүйектердің дені жылқының сүйегі болып шықты.

Ботай қонысынан алынған материалдың көрсеткеніңдей,жылқыны қолға үйрету мен оны салт мініп жүруге пайдалану энеолит дәуірінде орын алған.

Дамыған қола дәуірінде жылқы неғұрлым кең көлемде; күш көлігі ретінде және салт мініп жүру үшін пайдаланылды.Мұны Степняктағы,Айдаболдағы, Тасбұлақтағы қоныстардан табылған,сүйектен жасалған жұмсақ ауыздықтардың айшықтары дәлелдейді. Жылқыны көлік ретінде пайдалану даладағы және биік таудағы жайылымдарды игеру мүмкіншілігін молайтты. Орталық Қазақстанның далаларында жабайы түйе қолға үйретілді. Ақсу-Аюлы-2 кешендерінің бірін қазғанда ботаның сүйегі шықты. Алексеевка қонысында да түйенің кейбір сүйегі табылды.



Ежелгі замандағы мал шаруашылығы экстенсивті шаруашылық болды. Жайылымдарды игеріп,көлемін кеңейту,төзімді,тебінге жарайтын (қыста қар астынан аяғымен шөп аршып алуға және ұзақ жер жүруге қабілетті) жылқы,қой сияқты мал түрлерін өсіріп,өндіру малдың көбеюіне жеткізді. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде Қазақстанның далалық аудандарында мал өсіру шаруашылықтың негізгі саласына айналды және көшпелі мал шаруашылығына жақын түрге ие болды.

Сірә,ол кезде Қазақстанның кең-байтақ аумағындағы халықтың бәрі бірдей шаруашылық жүргізудің осы жаңа түрлеріне көше қоймаған болу керек. Мәселен;соңғы қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстандағы (Трушинково,Мало-Красноярка),Батыс Қазақстандағы (Алексеевка) және Солтүстік Қазақстандағы (Явленко-1) қоныстарда малдың дені әлі де ірі қара болған;мұның өзі Орталық Қазақстанның тайпаларымен салыстырғанда бұл жерлерді мекендеушілердің көшіп-қонуы аз аз болғандығын көрсетеді.



Өнімді мал шаруашылығына көшу ілгері басқан құбылыс болды. Жаңа еңбек құралы,өндіріс құрал-жабдығы ретінде бақташы тайпаларға мал материалдық игіліктер өндіруде көп артықшылықтар берді. Ет-сүт өнімдерінің қоры молайлы,олардың жаңа түрлері (ірімшік,сүзбе) пайда болды,үй кәсібі (теріден,жүннен бұйым жасау) ұлғайды.

Қазақстан аумағында мал шаруашылығымен қатар неолит дәірінен бастап егіншілік дами бастады. Қола дәуіріндегі тайпалардың шаруашылығында мал шаруашылығы мен егіншілік бірін-бірі толықтырып,өзара байланысты болды. Мәселен,Усть-Нарым қонысында (Шығыс Қазақстан) табылған қыстырма орақтар егіншіліктің болғанын көрсетеді. Ол уақыттағы адам кездейсоқ,ұсақ егістен өзендердің жайылмаларындағы шағын алқаптарға тұрақты егін егуге көшті.

Алдыңғы қола дәуірінің қоныстарында тастан және бұғы мүйізінен жасалған теселер табылды. Жер қопсытатын таяқтармен және мүйіз теселермен салыстырғанда тас кетпендер өнімдірек болды; бұлармен жерді жақсырақ қопсытуға болатын еді. Тастан астық үгетін құралдар да;астық түйгіштер,тоқпақшалар,түйгіштер,келілер,келсаптар пайдаланылған болса керек,ал соңғы қола дәуірінде бітімі әр түрлі қола және мыс орақтар,қола шалғылар пайдаланылды (Шағалалы қонысы). Олар,сондай-ақ мал үшін қысқа пішен дайындауда,қамыс дайындауда қолданылған болуы мүмкін.

Неғұрлым жетілген құралдардың пайда болуына байланысты егіс те біраз өсті. Негізінде бидай,қарабидай,тары егілді. Дәнді дақылдардың бұл түрлерінің бәрі қоныстарда салынған үйлер мен қора-қопсыларда айқын көрінеді. Егіншілік өзінің сипаты жағынан қарапайым болып қала берді және мал өсірумен салыстырғанда көмекші рөл атқарды,бірақ ол тамақ өнімдерін алудың маңызды көзі болды.

Мұнан басқа кейбір қоныстардың шаруашылық ұраларын толтырған қабатында түз құстарының-қаз бен сұр тырнаның сүйектері (Қанай),шортанның бекіренің сүйектері мен қабыршақтары табылды. Балық аумен ауланған;мұны табылған қыш және тас батырғылардан аңғаруға болады. Алайда қола дәуірінде аң және балық аулау өзінің бұрынғы маңызынан айырылады. Жабайы жануарлардың (елік,марал, солтүстік бұғысы,арқар,қабан,құндыз,ақ қоян,түлкі) сүйектерінің үлесі алдыңғы қола дәуірінің қоныстарында 3,6%,соңғы қола дәуірінде Шығыс Қазақстанның қоныстарында 4 пайызға дейін (Трушниково),ал Солтүстік Қазақстанның қоныстарында 1 пайызға дейін (Алексеевка) болады.

Қазақстан аумағында тараған аудандардың бәрінде қола дәуірі мәдениетінің даму сатыларын сипаттайтын материал шаруашылық тұрпатының өзгергенін көрсетеді;қола дәіріндегі тайпалар үй маңында мал өсіруден жайлауда мал бағуға,одан кейін көшпелі мал шаруашылығына көшті. Нақ осы жағдай материалдық мәдениеттегі өзгерістерді туғызды, дегенмен бұл өзгерістер барлық жерде бірдей болған жоқ. Географиялық және басқа факторларға байланысты бір аудандарда әуелі жабайы хайуандарды қолға үйрету басталды,ал екінші бір аудандарда әуелі қарапайым кетпендік егіншілік шығып,тарады.

Соңғы онжылдықтарда (1976-1994 жылдары) мыс балқыту өндірісі мен қыш-құмыра жасаудың,кен кәсібінің және металл өңдеудің,сондай-ақ мал шаруашылығы мен аң аулаудың,егіншілік пен үй кәсібінің ежелгі тарихын толықтырған,Сарыарқаның оңтүстік бөлігіндегі дамыған және соңғы қола кезеңдері ескерткіштерінің кезеңдерге бөлінуі мен хронолгиясын нақтылай түсуге мүмкіндік берген жаңа деректемелер мәлім болды.

Кен ісі, металлургия.Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштерінің дамуында мал шаруашылығымен және егіншілікпен қатар әр түрлі рудаларды өндіру,тас пен сүйекті ұқсату аса маңызды рөл атқарды.

Қазақстан аумағында мыстың,қалайының және алтынның бай кендері бар екендігі ежелгі уақыттан белгілі болатын. Көптеген көне кен орындары- мыс (Жезқазған,Зыряновск,Қаршыға,Жалтыр,Ащылы,Ұратөбе,Күшікбай),қалайы (Атасу тауы,Қалба және Нарым жоталары), алтын (Степняк,Қазаншұңқыр,Балажал,Ақжал, Дайбай,Майқапшағай,Ақабек) кен орындары бұл аймақтың ежелгі металлургия орталықтарының бірі болғанын көрсетеді.

Геологиялық зерттеулер ежелгі заманда тоттанған мыс рудаларын өндіріп,балқыту ісінің зо мөлшерге жеткенін аңғартады. Ең жұпыны есептің өзі Жезқазған өңірінде балқытылған мыстың көлемі шамамен 100 мың тонна болғанын көрсетеді. Успенск мыс руднигінен 200 мың тонна руда шығарылған,ал Имантау кен орнынан ежелгі заманда 48 мың тонна мыс рудасы қазылып алынған. Ежелгі заманда касситерит шығарылған кеніштерінің барлық зерттелген орындары бойынша жүргізілген есептің көрсетуінше, мұнда 130 тонна қалайы өндірілген. Кені қазылып алынған орындардың аумағы мен шығарылған руданың көлемі мыс,қалайы және алтын кеніштерінің талай ғасырлар бойы пайдаланылып келгенін көрсетеді.

Мысы мен қалайысы мол,тотықтанған руда ғана (малахит,азурит,касситерит) өндірілді. Өндірудің түрі мен әдісі рудалы қабаттың орналасу жағдайына байланысты болды. Ұңғып алу жұмысы тек рудалы өзектердің юойымен жүргізілді,ал бос топырақ қозғалмай қала берді.Қопсырма рудалар босаң құрама тастардан,кварциттерден жасалған тоқпақшалармен,балталармен қарапайым «қайлалау» арқылы өндірілді. Қайлалауға келмейтін тығыз рудаларға отпен уату әдісі қолданылды. Өзектің үстіне немесе забойдың алдындағы қуысқа от жағылды,ал тас әбден қызған кезде оған су құйылды. Босаған қабат тас шотпен,қайламен уатылып,ағаш күрекпен тері қапқа салынды,сөйтіп сыртқа шығарылды.

Отпен уатумен қатар үңгіме де пайдаланылды; оның ізі Жезқазған маңында сақталған (Орталық Қазақстан). Ежелгі руда қазушылар ірі рудалы тастың астын үңгіп қазатын болған,содан кейін кварциттік балғамен соққылап,асты үңгіленген руданы түсірген. Терең қазылғанда төбесі опырылып түспеу үшін әр жерде тіреме қабат қалдырылған,кейде ағаш тіреуіштер қолданылған. Алайда шахталар талай рет құлап,руда қазушыларды басып қалып отырған. Үңгімелерде табылған адам қаңқалары және олардың жанындағы рудаға толы шірімей сақталған тері қаптар осыны көрсетеді.

Жер бетінде кен орнынан сыртқары жерде,әдетте көктемде су ағатын жырада немесе су жинау үшін арнайы қазылған орда руда тас балғамен және руда уатқышпен уатылып,кейін жуылатын болған. Су руданы «сулап» байыту үшін-оны алғашқы рет кен-тастан айырып алу үшін қажет болды. Әбден уатылған руда ағаш күрекпен немесе ірі жануардың жауырынымен жиналып алынып,тері қақпа салынып,қоныстағы қорытатын жерге тасылды. Күрек ретінде пайдаланылған жануарлар сүйектері Милықұдық,Сорқұдық, Кресто (Орталық Қазақстан) ежелгі кен орындарынан кездесті; олар әбден мүжіліп,бетін мыстың жасыл тоты басқан.

Руда өндіріліп,уатылған жерлерде металдан,тастан,сүйектен жасалған көптеген кен құралдары-төрт қырлы қола балға шоттар,тас құралдардан-ауыр қайлалар,балға шоттар, балғалар,сыналар,руданы үгетін келсаптар,келілер,сондай-ақ сүйек,ағаш құралдардан-марал мүйізінен жасалған балғалар,киік мүйізінен жасалған сыналар,руданы қапқа салатын жануар жауырындары,ағаш күректер табылды. Руда тікелей қоныста немесе қонысқа жақын жерде қорытылды. Қорыту үшін көрік тәрізді қорыту пештері салынды; бұлардың іздері Милықұдықта,Жезқазғанда,Шүлбі өзенінің Ертіске құйр жерінде,Қанай ауылының маңында табылды.Қанай ауылының қонысы жанында,сайдың жарында,көмір араласқан көп мыс күлі жиналды. Мыс рудасының күлі Атасу,Суықбұлақ қоныстарында,кесек-кесек рудалар,шлактар,мыс құймалары Былқылдақ-1, Бұғылы-1 қорымдарында,Бескөл-1,Алексеевка,Трушниково,Қанай,Петровка-2 қоныстарында табылды.

Мыс рудасы мен қалайы рудасы жеке-жеке балқытылды,ал кейінірек белгілі бір затты құйғанда,мысқа қажетті мөлшерде қалайы қосылды. Мұны Г.Н. Щерба Саясу учаскесінің төменгі жағынан тапқан металды қалайының домалақ кесектері бар құймалар дәлелдейді. Қола заттарға жасалған химиялық және спектрлік талдау ежелгі металлургтердің қара дүрсін технологиясымен әр түрлі құралдарға қалайы мен мысты өздерінің қалауынша қосқаның көрсетеді. Олар қорытпада қалайының үлесі көбірек болса,металдың қатты, бірақ омырылғыш болатынын,ал оның үлесі азырақ болса,онда,керісінше,металл неғұрлым жұмсақ және иілгіш болатынын білген. Сондықтан соққыш құралдар жасау үшін 5 пайызға 9 пайызға дейін,тескіш құралдар үшін және құрылыс құралдарының кейбір түрлері үшін 9 пайыздан 12 пайыздан дейін және одан да көп қалайы қосатын болған. Сәндік заттарда да қалайының пайызы көп болады. Ал орақтарда қалайының пайызы аз болады,өйткені қалайысы көбірек болса,орақтың жұқа жүзі сынғыш келеді және тез істен шығып қалады.

Құйма шеберханаларының қалдықтары Мало-Красноярка,Алексеевское, Новоникольское -1,Петровка-2 қоныстарынан табылды. Бұларда бітімі әр түрлі тас және балшық құйма қалыптарда шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдардың көпшілігі-орақтар мен дүмі шығыңқы балталар,қанжарлар мен пышақтар,найзалар мен жебелердің ұштары құйылды. Сәндік заттар көбінесе соғу,қақтау,ойып өрнектеу арқылы жасалды. Олар киімге тағуға арналған дөңгелек,қыспа өрнекті ілгектер,тізбектер, білезіктер,моншақтар,өңіржиектер және т.б.

Қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында мекендеген тайпалардың зергерлік өнерінің тамаша бұйымдары-алтынмен апталған қола әшекейлер,самайға тағылатын әр түрлі сырғалар,күрекше тәрізді түйреуіштер,ромб тәрізді тармақты және сопақша ілгектер. Сол уақыттың өзінде-ақ адамдар әйнек тәрізді ұнтақ ала білген,одан моншақ,тізбек жасаған.

Қазақстан аумағында қола дәуіріндегі руда өндіру ісінің кеңінен жүргізілуі шикізат жөніндегі өз қажетін қанағаттандыруға ғана емес,сонымен қатар металдың бірсыпырасын құйма күйінде және бұйым түрінде тайпалар арасындағы айырбас үшін пайдалануға да мүмкіндік берді.

Қазақстанның жер қойнауында қалайы,мыс кендерінің көптігі,сондай-ақ олардың қола дәуірінде кеңінен пайдалануы нәтижесінде тас құралдар мен қарулардың көбінің орнына құралдар мен қарулар пайдаланылатын болды. Кен кәсібінде тас құралдардың рөлі (балғалар,сыналар,қайлалар,т.б.) сақталды,дегенмен мұнда да қола шоттар,балғалар қолданыла бастады. Енді тас негізінен кейінгі тарихи замандарда да тастан жасалған астық түйгіш,тоқпақша,келі,келсап,үккіш,жүкше,ұршықбас,жосатүйгіш секілді құралдар мен бұйымдарды жасауға пайдаланылды.

Металдан,тастан жасалған құралдармен қатар тұрмыста сүйек заттар да қолданылды. Оларды жасау үшін ірі малдардың жіліктері,қабырғалары,жауырындары пайдаланылды. Әуелі сүйек балшық ыдыста қайнатылып,жұмсартылды,бұдан кейін майы жоқ,иілгіш,жұмсарған сүйек оңай ұқсатылды. Ұқсатылған сүйек кепкен соң өзіне тән қатты,берік қалпына қайта келетін болды.

Сүйектен мынадай алуан түрлі бұйымдар жасалды;пышақтар,жебелердің ұштары, біздер,түйреуіштер,ыдытарға өрнек салатын тарақ тәрізді тегіс қалыптар;терінің майын сылу және өсімдік талшығын таспалап алу үшін қолданылатын жылқының немесе өгіздің жақ сүйегінен жасалған тегістегіштер мен лөкет пышақтар:жылқының немесе сиырдың жіліншік және бақайшақ сүйектерінен конькилер; сулықтар,ұршықбастар,тоғалар,сүйек моншақтар мен тізбектер,түймелер;бұлан мен бұғының мүйізінен кетпендер жасалатын болды. Жыртқыш аңдар мен үй жануарларының тістерінен және қабыршақтардан алқа-тұмаршалар жасалды.

Әр түрлі материалдан (металдан,тастан,сүйектен,қабыршақтан) жасалған әр түрлі заттар қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында мекендеген тайпалардың еңбек құралдарын,қарулар,сәндік заттар,тұрмыстық бұйымдар жасауда жоғары шеберлікке жеткенін дәлілдейді;олар құю,қақтау,қысып өрнектеу,тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді,қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді.

Қоныстар мен тұрғын үйлер. Қазақстан аумағында қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім,олардың алпысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Әдетте,қоныстар өзендерінің жайпақ жағасында,кең жайылмада,мүйісте,кейде көл маңында орналасты;бірақ мұнда да олар ойпан жерлерде,жылғалардың немесе дала өзендерінің құяр жерінде жайғасты,өйткені мұндай жерлерде шөп көп,ал топырағы кетпенмен ұсатуға ыңғайлы болды. Қоныстар әдетте 6-10 үйден,үлкендері 20 үйден құралды;олар өзен жағасына бір немесе екі қатар болып орналасты. Мүйістегі үйлер ортада ашық алаң қаалдырып айнала салынды;бұл алаң қоғамдық жиындар орны ретінде немесе мал қамау үшін пайдаланылды. Тұрғын үйлер жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Жартылай жертөлелердің негізгі үш түрін атап өтуге болады,олар;тік бұрышты,сопақ және сегіздік тәрізді жертөлелер;бәрінің де дәліз сияқты шығар аузы болды. Қабырғаларды бойлай тік бағандар орнатылды,олардың арасына ортасынан жарылған ағаштар немесе шарбақ ұсталып,балшықпен сыланатын,сыртына күл себіліп,шым қаланатын болды. Тұрғын үйлердің аумағы 100 шаршы метрден 300-400 шаршы метрге дейін жетіп отырды. Орталық және Батыс Қазақстан аудандарда ағаштың болмауы себепті мұнда тұрғын үйлер салғанда тас көп қолданылды. Қабырғалардың ішкі жағынан тас қаланды,тастан қалап бөлме-бөлме етіп бөлінді (Атасу,Бұғылы-1,2,Ақбауыр,Тастыбұтақ).Ал жер үстіндегі үйлердің қабырғалары бөренелерден жасалған тұрпайы қима үйлер болды. Ортаңғы қола дәуірінің соңғы кезеңінде тұрғын үйлері аумағы шағын,шаршы етіліп,жер үстіне,қарқас негізді,төбесі шаршылы пирамида сияқты етіліп салынды. Қабырғалар қазылып орнатылған бөренелерден емес,қатарластыра қойылған бөренелерден жасалды,сондықтан оларды тігу де,жығу да оңай болды.

Үйлердің төбесі қалай жабылғанын Ақсу-Аюлы,Дәндібай,Ортау тұрпатты бейіт құрылыстарының құрылымынан аңғаруға болады. Олардың төбелері қиыстырылып шығарылды немесе тақталар бірінің үстіне бірі сатылана салынып,сүйірлене көмкерілді,бірақ төбесі жайпақ үйлердің болуы да мүмкін еді.

Солтүстік және Шығыс Қазақстанда тіреме бағанды құрылымдар тұрғын үйлер мен қора-қопсылардың негізі болды. Олардың төбесі жайпақ немесе екі сайлы етіп жабылды. Құрылыста ағаш кеңінен қолданылды.

Үй-қоралардың жайғасуы,жерошақтардың,шаруашылық ұралардың саны мен орны үйдің немесе оның жеке бөлігінің нақ неге арналуына байланысты болды. Арнайы бөлінген жерде металл қорытылып,құралдар жасалды. Кейбір үйлер қоғамдық жұмыстарға,жиындарға және діни ғұрыптарды орындауға арналды.

Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар орналасты. Қабірлердің үсті айнала жалпасынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақтатастардан тік бұрышталып,шаршыланып,дөңгелектніп қоршалды,кейде обалар да етегінен тақтатастармен айнала көмкерілді,осындай тақтатастар лақат шығарғанда да қолданылды. Оның ең көп тараған түрі тақтатастардан тігінен қойып жасалған немесе жалпағынан салып,ішке қарай ұмсындыра өріп жапқан тас жәшіктер болды.

Үйдегі кәсіптер.Мал шаруашылығы тамақ өнімдерін ғана емес,сонымен қатар киім мен аяқ киім тігілетін шикізаттар да берді.

Қола дәуірінде тоқыма кәсібінің болғанын қарапайым тоқыма станогінің ұршықбастарының ,сүйектен,тастан,балшықтан жасалған шүйке орағыштардың,сондай-ақ қарапайым тоқыма станогінің арқауын тартатын сүйек жуалдыздардың табылуы дәлілдейді. Жүн киімдер қойдың биязы жүні мен ешкінің түбітінен тоқылды.

Қола дәуіріндегі тайпалар кендірден,қара қурайдан,жабайы зығырдан және қалақайдан иірілген өсімдік жіптерді де қолданды. Бұлардан шаруашылыққа қажетті арқан есілді, балық аулайтын ау тоқылды,киім тігілді.

Қабірлерден табылған аяқ киім қалдықтарына қарағанда,олар теріден тігілген,тақалары болмаған,тарамыс жіппен тігіліп,жіліншік тұсынан баумен тартылып байланған. Теріні ұқсату үшін ірі малдың жақ сүйектерінен жасалған лөкет пышақтар және қоныстардан жиі кездесетін тегістегіштер қолданылды.

Еркектер мен әйелдер басына жүннен тоқылған немесе теріден тігілген құлақшын киді. Сыртқы киімдер де жүн матадан тігілді. Олар,сірә,қос өңірлі немесе мойнында ойығы болып,сол жағынан бір түймемен қаусырылған болса керек.

Әйелдердің киімі көйлек,құлақшын,тері аяқ киім болды. Әдетте жүн матадан тігілген көйлектің етегі тізеден төменірек түсіп тұрған. Жеңі ұзын болған. Жеңнің қайырмасына қатар-қатар моншақ тағылды. Белдемшенің алды белдігінен етегіне дейін бірнеше қатар ақ моншақтар тізбегімен сәнделді. Мата қызыл түстің әр түрлі реңімен-алқызыл,күлгін-қызыл бояумен боялды.

Қабірлерден табылған көптеген үлкен сырғалар мен бұрама самай сырға,мойындарына өңіржиек немесе моншақ тізілген алқа таққан,қолдарына білезік,жүзік салған деуге болады. Киімнің жағасына әйнек моншақтар тіккене,кеуделеріне дөңгелек қапсырма таққан. Табан із,дөңгелек ромб тәрізді,кейде өрнектелген салпыншақтар мен белдік құрсаушалар кеңінен тараған. Еркектер де,әйелдер де сәндік зат және бойтұмар есебінде қабыршақтарды,жыртқыш аңдар мен үй жануарларының азуларын тағатын болған. Олардың кейбіреулері қызыл жосамен боялған.

Қоныстарды мекендеушілерде керамика ыдыстарын жасау ісі едәуір орын алды. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Қола дәуіріндегі құмырашалар көбінесе әйелдер болды.

Ыдыс-аяққа қарап,олардың жасалу техникасы туралы сөз етуге болады.

Балшық өте мұқият таңдап алынып,кейде ол бірнеше шақырым жерден әкелінген,содан соң ұқсатылатын,атап айтқанда;мұздатылатын немесе жаз бойы кептірілетін,одан кейін жібітіліп,иленетін болған.

Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Ыдыстардың көпшілігі (қабырғалары тік немесе бүйірі сәл шығыңқы құты тәрізді) таспалық техникамен жасалған. Құмыраларды қалыпқа салып қалыптастыру әдісі болды;мұндай қалыптар ретінде жүн матадан тігіліп,ішіне ылғал құм толтырылған дорба пайдаланылды. Дорбатисті формаға келтірілді, оны айнала балшық жапсырылып,түбі бекітілді. Мұндай кесекке жұмыр тас тығылып, бүйірі шығарылатын болды. Сөйтіп,ыдыстардың бүйірі де,түбі де дөңгелек,мойыны әдетте тік жасалды. Ыдыстардың көбі су ақпайтын болу үшін күйдіруден бұрын,қызған сүйек тегістеуішпен немесе қыздырылған кішкене таспен тегістеген. Ыдыс жылтыратылғаннан кейін тегіс,тығыз болды,ал күйдірілген соң сұйық затты жақсы сақтайтын қасиет алды. Ыдыстар әдетте,өрнектеледі. Өрнек күйдіруден бұрын шикі немесе тобырсыған балшықтың бетіне,алдын ала сызылған жобамен емес,көзбен мөлшерленіп салынды.

Ыдыс ашық ауада,көлеңкеде немесе желқуарлы үйде кептірілді.Кейде қабырғаларының жұқалау жерлері (қолмен жапсырғанда ондай болмай қоймайды) қабырғалардың қалыңдау жерлері кепкенше ылғалды сақтау үшін уақытша сулы шүберекпен немесе шөппен жабылды. Ыдыстар,сірә,ашық отта күйдірілген болса керек. Кептіру мен күйдіру кезінде ыдыстар шытынап кетпеуі үшін балшық майсыздандырылды,ол үшін үгітілген кварц, қабыршақ,құм,кейде күйдірілген балшық қосылды.

Ыдыстардың тұрпатын,жасалу техникасын және өрнегін салыстыра зерттеу қола дәуіріндегі мәдениеттің әрбір кезеңіне олардың белгілі бір түрі тән екенін анықтауға мүмкіндік берді.

Алдыңғы қола дәуірінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы,мойны ішке қайырылған,түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тісті немесе тегіс қалыппен түсірілген шырша өрнектері,шаршы,үш бұрышты,сопақша өрнектер,қисайта батырылған түтікшемен түсірілген «орақ тәрізді»,тырнақпен түсірілген өрнектер көп тарады. Басқа өрнектермен қатар «меруерттер»-дөңгелек,томпақ өрнектері кездеседі. Ыдыстардың бүйірі мен түбі түгел өрнектеледі. Өрнек тік,көлденең,ирек сызықтардың,тік ирекшелердің, сызықшалармен толтырылған үш бұрыштардың қиюласуынан тұрады.

Ортаңғы қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді,иіні дөңгелетіліп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Өрнек тегіс немесе ұсақ тісті қалыппен түсіріледі. Бұл дәуірдегі ең көп кездесетін геометриялық өрнек-үш бұрыш, меандр,сынық,ирек сызық және осылардың әр түрлі қиюласуы. Тұрқы дөңгелетіле жасалған ыдыстардың көбінесе ернеуі,мойны,үстіңгі жағы өрнектеледі,ал иіні ойық ыдыстарда сүрет үш жерге-мойнына,ортасынан жоғарырақ бөлігіне,түбіне жақындау жерге салынады. Кейде ыдыстың түбі өрнектеледі

Соңғы қола дәуірін иіні дөңгелек,бүйіі азды-көпті шығыңқы құмыралар сипаттайды. Олардың ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Кейде иініне өрнектің басқа түрлерімен қатар ирек сызық,қисық ойық,шырша,”меруерт” түрінде суретсалынады. Үстіңгі жағы сопақша ойықтармен өрнектелген немесе ешбір өрнексіз ыдыстар сирек болса да кездесіп қалады.

Қола дәуіріндегі ежелгі тайпалардың көркемдік талғамы мен мәдениеті туралы сәндік заттар мен өнер бұйымдарына қарап қорытынды жасауға болады. Ілуде бпр болса да,аң стилінде жасалған заттар кездеседі. Олардың арасында Шағалалы мен Явленко-1 қоныстарынан табылғандарына жылқының жақ сүйегінен кесіліп жасалған жануарлар басының бейнелері бар. Шебер сүйектің табиғи түрін пайдаланған;ол сүйекті ойып,көз, құлақ шығарған;жақтың шетін кесіп тастап,тегістеп жылтыратқан. Әсем жануардың басын көрнекті етіп көрсету үшін осының өзі де жеткілікті болып шыққан.

Нұра өзенінің жағасынан табылған тас келсап барынша назар аударады,онда еркек адам басының мүсіндік бейнесі бар. Беті сопақ,сәл дөңестеу мұрны өте ұзын,танауы кең. Маңдайы тар және қабақ сүйегі қалың,шығыңқы болғандықтан,тым төмендеу көрінеді. Мүсіннің стильдік суреттеуі тым өзгеше. Қасы,көзі,шықшыты самайдан тараған жатық,шығыңқы қырлармен бейнеленген. Ерні жұқа,ұзын,құлағы ірі,кішкене мұрты да болса керек,сақалы бетін,шығыңқы сүйір иегін жауып тұратын етіп салынған. Мүсіннің сырт жағында,шамасы көздің деңгейінде болар,астымен қатар шығыңқы қыр бар,ол мүсіннің бүкіл желке жағын орап тұр. Қыздың ортасынан төмен қарай жіңішке кескішпен тігінен қысқа сызық тартылған.

Қола дәуіріндегі тайпалар жауынгерлік қару жасай білді;ол қару үнемі жетілдіріп отырды. Қару-жарақтың көп жасалуы шаруашылықтың жаңа түріне-көшпелі мал шаруышылығына көше бастауға байланысты ежелгі қоғамының өмірінде соғыстардың рөлі күшейгенің көрсетеді. Қару-жарақ жапырақ сияқты,жебеге кигізілетін ұңғыма жасалған қола ұшы бар найзалар,күрзілер,дүмі,шығыңқы балталар,шоттар қоданылады. Кейбір жауынгерлер қола қанжар асынды;қанжар жетесінің сүйек немесе ағаш сапқа кигізетін ұшы болды. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде қалпақша түрінде жасалған немесе айқыш-ұйқыш тұтқа-тиегі бар,тұтас қола қанжарлар да пайда болды.

Қоғамдық қатынастар.Қазақстанда қола дәуіріндегі тайпалардың негізгі кәсібі бақташылық,мал шаруашылығы мен кетпенді егіншілік болды. Мал шаруашылығының дамуы қоғамның азық-түлікпен және тұтыну заттарымен көбірек қамтамасыз етілуіне, артық азық-түліктердің пада болуына,айырбастың одан әрі өсіп,ұлғаюына,түптеп келгенде,байлықтың қорлана бастауына жеткізді.

Мал шаруашылығының жедел дамуы ең бірінші ірі қоғамдық,еңбек бөлінісінің, халықтың басқа бұқарасынан бақташы тайпалардың бөлініп шығуының негізі болды. Қола дәуірінде егіншіліктің дамуында да өзгерістер болып өтті. Жер бұрынғыша кетпенмен өңделсе де,өңделетін жердің аумағы едәуір ұлғайды. Шаруашылықтың тұрпатындағы өзгерістер қоғамдық ұйымдағы өзгерістерге сөзсіз жеткізуге тиіс болды. Әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық-тайпалық бөлімшелер пайда болады.

Еркек-көсем,еркек-жауынгер,қоғамда,материалдық игіліктерді өндіруде үстем дәреже алды;ол рулық қауымның басшысы болды,туыстық әке жағынан есептеле бастады. Бұл дәуірде патриархаттық қатынастардың болғанын растайтын археологиялық дәлелдердің бірі-андроновтық ескерткіштердегі қос табыттар;онда күйеуінің моласына кейін әйелін жерлейтін болған. Қола дәуіріндегі жерлеу ғұрпына тән нәрсе-өліктің сол жақ немесе оң жақ бүйірінен бүктетіліп,басын батысқа қаратып жатқызылуы.

Патриархаттық әулеттік қауым өзінің дамуында бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы түрінде ол өзінің алдындағы матриархаттық әулеттің көп белгілерін;өндіріс құрал-жабдықтары және тұрмыстық мәселелерді шешуде қоғамның барлық ересек мүшлерінің теңдігін,қауым басшысының беделіне өз еркімен бағынуды мұра етіп алған еді. Мұндай қауымның негізі,бұрынғы сияқты,жұп отбасы болды,мұның өзі ерлі-зайыптылар байланысының берік болмауымен және ортақ балаларды иемденуге еркектер мен әйелдер құқықтарының теңдігімен сипатталады.

Ерте кездегі патриархаттық әулеттік қауымдар әке жағынан туыс адамдардың төрт-бес ұрпағынан құралды және аумағы 200 шаршы метрдей немесе одан да кең үлкен үйлерде бірге тұрды. Әрбір патриархаттық-рулық қоныс осындай бірнеше үйлерден құралды.

Әлеуметтік қауым отбасылық-өндірістік ұжым болды,ал ұжымдық еңбек тұсында өндіріс құрал-жабдықтары мен өндіріс өнімдеріне ортақ меншік болған еді. Кейін келе, әсіресе соңғы қола дәуірінде,кейбір күшейген патриархаттық әулеттік қауымдар барған сайын оқшаулануға тырысты;мұның өзі келе-келе алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына,отбасылық меншіктің шығуына әкеліп соқты.

Солтүстік Қазақстандағы қоныстарды қоршай жасалған дуалдар мен орлар түріндегі қорғаныс бекіністері қола дәуірінің ортаңғы кезеңінде,тайпалар арасындағы қақтығыстар күшейген дәуірде пайда болған. Сондай-ақ қоныстар мен қорымдардан табылған жебелердің қола және сүйек ұштары да тайпалардың арасындағы қақтығыстарды көрсетеді. Жебе ұшы бір жолы (Шығыс Қазақстан) тізенің ұршығына,тағы бір жолы (Орталық Қазақстан) адам қаңқасының жамбас сүйегіне қадалып тұрған жерінен табылды.

Қола дәуірінің соңғы кезеңінде рудың және одан жеке отбасы шаруашылықтардың бөлініп шығуы нәтижесінде үйлер өзгереді. Олар бітеу қабырғалармен дербес отбасыларына арналған бөлімдерге бөлінген. Мәселен,Батыс Қазақстандағы Алексеевка қонысында жертөлелердің бірі бір-біріне ұқсас екі бөлімге бөлінген;екеуінің де от жағатын,тамақ пісіретін бөлек жер ошақтары,жер ошақ жанында қойма-ұралары бар. Нақ сол жерден көсемнің белгісі жақсы тегістелген тас күрзі табылды.

Рулық құрылыстың ыдырағанын және мүлік теңсіздігінің пайда болғанын қорымдардың материалдары да көрсетеді. Қазақстанның,қола дәуіріндегі қорымдардың бәрінде қауымның қатардағы мүшелерінің жұпыны қабірлерімен қатар бай қабірлер де кездеседі. Кедейлердің қабірлері қабірдің қарапайым жасалынуымен және жерлеу заттарының жұпылынығымен ерекшеленеді. Байлардың қабірлерінен алтын және қола заттар,шебер өрнектелген қыш ыдыстар табылды. Мұндай молалардағы тас жәшіктердің тақталары шеберлікпен жасалған,бір-бірімен жақсы қиюластырылған,жәшіктердің көлемі де үлкен. Әулет басшыларының,ру мен тайпа көсемдерінің қабірлері үстіне биік етіп топырақ оба үйілген немесе үлкен-үлкен гранит тақталардан қоршау жасалған.

Мал санының өсуімен қатар азық-түлік өнімдері мен шикізат-сүт,ет,тері,жүн,ешкі түбіті көбейді. Бірсыпыра артық азық-түлік болды,олардан қор жасауға және айырбастауға жағдай туды. Қола дәуірінің алдыңғы сатыларында заттай айырбас бір тайпаға жататын қауымдардың арасында жүргізілді және кездейсоқ сипатта болды.

Айырбас соңғы қола дәуірі кезеңінде кең өріс алды. Көптеген мыс,қалайы құймалары кен орындары бар жерлерден бұлар жоқ жерлерге апарылды. Трушниково селосы жанындағы қоныста меруертті қабыршақтың табылуы көршілерімен ғана емес,алыстағы тайпалармен де айырбас жасалғанын көрсетеді. Айырбастың,әсіресе жеке тайпалар арасындағы айырбастың дамып,ұлғаюына жылқыны мініске үйретудің,оны көлік ретінде пайдаланудың едәуір маңызы болды.

Діни нанымдар мен табынушылықтар.Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-ауқатты түгелдей табиғатқа тәуелді болды,сондықтан адам табиғат күшін құдірет деп білді. Бұл ең алдымен күн,от,жануарлар мен өсімдіктер дүниесі болды. Күн мен от жылулық береді-мұның бәрі қайырымды,құдіретті рухтармен байланыстырылды. Күн тәңірісінің белгілерін сәндік заттардан-бір ортадан жан-жаққа тарайтын шұғыла түріндегі өрнегі бар қаптырмалардан,қыш ыдыстардағы меандралардан көруге болады.

Қола дәуіріндегі тайпалар отқа табынған;мұны сол дәуірде кең тараған өлікті өртеу ғұрпы көрсетеді. Қола дәуірінің түрлі кезеңдеріндегі қабірлерде өртенген сүйектерінің қалдықтары кездесті. Ежелгі адамдардың ұғымынша,от денені жамандықтардан тазартады және өлген адамды зұлым рухтардан қорғады.

Кейде өлік қойылған қабірлерде күл мен көмірдің қалдықтары кездеседі,мұны да отқа табынушылықпен байланыстыруға болады. Қола дәуірінде өлікке қызыл жоса себілетін немесе молаға бір түйір қызыл жоса салынатын жерлеу ғұрпы кеңінен қолданылды. Ежелгі адамдардың санасында қызыл түс отты білдірді және күнмен қатар оттың құдіретті күші,зұлым рухтардан қорғайтын қасиеті бар деп есептеледі. Сонымен бірге қызыл бояу қанның белгісі болды;қан да киелі күш деп есептелді.

Қола дәуірінің соңғы кезеңінде шаруашылықтың жаңа түрі-көшпелі мал шаруашылығының дамуына байланысты күнге табынумен бірге ай мен жұлдыздарға табыну пайда болды,өйткені көшпелілер түнде көшкенде соларға қарап бағыт ұстайтын болды.

Қола дәуірінің тайпаларында ата-бабаларына сиыну және о дүниеге сену кеңінен тарады. Олар бабалар аруағының желеп-жебеуіне жетуге тырысты,ол көмектеседі,қамқор болып қорғайды деп сенетін,сонымен бірге олардан қорқатын да еді. Сондықтан қола дәуірінің тайпалары өлген адамды о дүниеде қажет болады деп тамақпен,киіммен,еңбек құралдарымен,қарумен,сәндік заттармен мүмкіндігінше жақсылап жабдықтауға тырысты. Оған үйге ұқсас бейіт салды,біраз уақыт өткен соң оған қосымша тамақ әкеліп,жәшіктің жанына,қоршау тақталардың түбіне немесе обаның топырағына көмді;мұның өзі,сірә,бұл кезде бата қылу ғұрпының пайда болғанын көрсететін болу керек.

Сол кезде өтуге болмайтын әр түрлі шарбақтар,қоршаулар пайда болды.Егінші-малшылар оларды әуелі мал қамау үшін,егінді жабайы және үй жануарларынан қорғау үшін салды,ал кейін өлген адамның шығып кетпеуі үшін моланы да айнала қоршайтын болды.

Қола дәуірінде құрбан шалу ғұрпы пайда болды. Қоныстардың қасында құрбан шалатын арнайы орындар болды. Олар таспен қоршалған дөңгелек алаң немесе топырақ үйілген төбешік еді. Ғұрып орындарын қазғанда күйген дәннің қалдықтар, астық түйгіштер,хайуандардың сүйектері,күлдің орны,ыдыс-аяқтың,келсаптардың сынықтары шықты. Құрбан шалатын екі орынды зерттегенде руда ұсақтайтын тас құралдар да табылды.

Қола дәірінде күнге,отқа,айға,жұлдыздарға,сондай-ақ қорғаушы рухтарға арнап құрбан шалынды. Петровка-2 қонысында қорғаныс орларына салынған өткелдің қасында оттың, мал қаңқалары мен бас сүйектерінің қалдықтары бар шұңқыр табылды,ал ордың арнаулы тарамында құрбан шалатын орын сақталған,одан үш ыдыс,сиырдың жақ сүйектері,қойдың бас сүйетері мен сирақ сүйектері шықты.

Қола дәуірінің әр түрлі кезеңдеріндегі қабірлерде жыртқыш аңның (қасқырдың, түлкінің) және үй хайуанының (иттің,жылқының) тістері кездесті;олар тек сәндік заттар ғана болып қоймаған,сірә,олар киелі деп есептелген,адамды зұлым рухтардан қорғайтын және өз күшінің біразын адамға беретін амулет,бойтұмарлар деп саналған болса керек.

Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде адам өзін рулық қауымның бөлінбес бөлігі деп сезінген және рудан тыс өмір сүремін деп ойламаған. Соңғы қола дәуірінде,яғни алғашқы қауымдық құрылыс ыдыраған дәуірде,мүлік теңсіздігі пайда болған кезде көп тайпаларда тайпа,ру көсемдерінің немесе бай отасыларының иемденген малы мен еңбек құралдарына тиюге тыйым салу,оларды киелі деп білу әдеті шықты.

Адамның ой-өрісінің дамуы оның өзі туралы және табиғат туралы ұғымының күрделенуіне,діни дүниетанымының пайда болуына әкеліп соқты.


mylektsii.ru - Мои Лекции - 2015-2018 год. (0.03 сек.)Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав Пожаловаться на материал